Екі бөлімді драма
Қатысушылар:
Айдар Сейтқалиұлы – жасы 40-тар шамасында, кәсіпкер
Ұлжалғас – 40-тар шамасында, Айдардың жұбайы
Болат – Ботик – 17-де, Айдардың ұлы
Берікбол – 35-тер шамасында, Айдардың ауылдан келген інісі
Сұлтанбек Ертуғанұлы – 50-лер шамасында, кафедра меңгерушісі, профессор
Гүлден – 27-28-дерде, аспирант қыз, Сұлтанбек Ертуғанұлының сүйікті шәкірті
Тойболды – 40-тар шамасында, аға оқытушы
Нұрсұлу – Тойболдының жұбайы, 38-39-дар шамасында
Сәния – 20-да, даяшы
Фараби – 19-да, даяшы
Бірінші бөлім
Кешқұрым
Толықсыған тамыз. Табиғат-ана дертіп,айы-күні жетіп, әбден піскен. Айдар Сейтқалиұлының екі қабатты жекеменшік ресторанының жаздық алаңындағы терасса, көзге ең алдымен сол ресторанның келісті фасады, екінші қабатындағы ұзын балконы, жартылай ашық тұрған қызыл қоңыр, биік емен есігі, есікке ілінген төрт бұрышты тақтайшаға көрнекті әріптермен кестелеген «Ресторан жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабық. Кешірім өтінеміз. Әкімшілік» деген жазу шалынады.
Ресторанның ауласы кісі бойындай, еңселі темір шарбақтармен қоршалған.Сол шарбақты жағалай өскен екі-үш шырша мен ақ қайыңы, үйеңкісі аралас тағы бір бес-алты түп ағаш жапырақтарын молынан жайып, жайқалып тұр. Аталған мекеменің кіреберісінің алдындағы постаменттерде екі арыстанның мүсіні қойылған, Бұл күшті, қаһарлы жануарлардың тас бейнелері аулаға сән беру үшін ғана емес, жұрт алдында осы мекеменің айбынын асырып, оның мәртебесін асқақтата түсу үшін де қажет болған секілді. Екі арыстан да тым тәкаппар, маңғаз. Олар осында келген қонақтарды бірінші болып қарсы алады.
Ресторанның маңдайшасында үлкен әріптермен оймышталған «Империя рестораны» деген жазу жарқырайды. Ол кешке қарай неон шамдарымен сәулеленеді. Жазудың екі қапталына орналасқан барьелефтерде де аң патшасы арыстанның бастары бейнеленген.
Жазғы алаңдағы террасада бір-біріне тіркестіре қойылған екі-үш үстел мен сол үстелді жағалай он шақты орындық қойылған.Үстелдердің үстінде тап-таза ақ шаңқан дастархандар, бақшадан жаңа ғана үзілген жас гүлдер салынған хрусталь вазалар. Сонымен бірге түрлі-түсті керамикалық тақталар төселген жаздық алаңды жағалай қойылған үлкен қыш құмыраларда да көздің жауын алып, қызылды-жасылды сәндік гүлдер мен өсімдіктер өсіп тұр. Осылардың бәрі жиналып келіп бұл мекемедегі сәніне салтанаты келіскен тоқ,, бақуатты өмірді айғақтайтындай. Ресторанның ішінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, пьесаның екі бөліміндегі барлық оқиғалар осы жаздық алаңда өтеді.
Шымылдық ашылғанда біз жаңағы бір-бірлеріне тіркестіре қойылған үстелдердің ортан беліндегі орындықтарда бір-біріне қарама қарсы жайғасқан Айдар Сейтқалиұлы мен Берікболдың шүйіркелесіп отырғанын көреміз. Ал Сәния мен Фараби дастарханды әртүрлі тағамдар салынған ыдыс-аяқтармен, тамақ жеуге арналған тағы да басқа қажетті ас приборларымен жабдықтау үстінде. Олар ыдыс-аяқтар мен ас приборларын ресторанның бірінші қабатындағы асханадан тасып жүр. Соған қарағанда жөндеу жұмыстары бірінші қабатта бітіп, ол енді екінші қабатқа көшкен секілді.
Берікбол. Айтпақшы, тарс есімнен шығып кетіпті, бүгін сіздің туған күніңіз екен ғой. Құттықтаймын!.. Сыйлығыңыз – мойнымда.
Айдар( қолын сілтеп). Өй, қойшы соны!.. Соған басыңды ауыртып қайтесің. Келгенің жаңа. Маған жасаған ең үлкен сыйлығың – осы… Өзіңді менімен жүздестіргенің. Айтпақшы, кездеспегенімізге қанша болды өзі?
Берікбол. Үш жыл болды ғой дейім. Айжамал тұрмысқа шыққанда келініңіз екеуміз келіп едік қой, ұмытпасам, наурызда. Әлде сәуірде ме екен?.. Әйтеуір ерте көктем болатын. Ал өздеріңіз елге келуді мүлде қойдыңыздар ғой.
Айдар. Мына заман бір алашапқан болып кетті емес пе. Әйтеуір мұрша жоқ, бір жұмыстан соң бір жұмыс итініп келет те тұрады… Сонымен келін, балалар тегіс аман ба?
Берікбол. Шүкір, аман-есен.
Айдар. Ауыл-аймақ?.. Ағайын?..
Берікбол. Олар да дін аман.
Пауза.
Бірлі-жарым кемпір-шалдар бар ғой енді о дүниелік болып жатқан. Айтуған ақсақал есіңізде шығар. Жуырда со кісі қайтты. Бата оқып бардық.
Айдар. (Мұсылманшылық салтымен бетін сипап). Иманды болсын… Жақсы кісі еді ғой.
Берікбол. Иә, алды кең, ағайынға қамқор, мейірімді адам болатын, Елде де қазір ондай шалдар қалмауға айналды. Қазіргі жұрттың обал-сауапта жұмысы жоқ, бәрі пайданың, дүние-мүліктің, ақшаның ізінде.
Айдар. Е, енді қайтесің. Заман солай ғой. Айтпақшы, Нұрлан қазір нешінші сыныпта оқып жүр?
Берікбол. Алдына тоғыз оқиды. Жігіт боп қалды. Бойы сорайып, қазір маған жетеқабыл.
Айдар. Мектепті бітірген соң бізге әкел. Егер грантқа түсе алмаса, ақшасын өзім төлейім. Оқытамыз.
Берікбол. Рахмет-рахмет. Осы Алматыға, Сіздерге әкелмей қайда апарамыз. Болаттың бірыңғай тестілеуден 95 балл жинағанын есітіп, бәріміз де қуанып жатырмыз. Келініңіз мәз, қайным оқуға түсетін болды деп. Мына ресторандарыңыздың да жөндеу жұмыстары аяқталып қалған екен, бәрі құтты болсын!..
Айдар. Бүгін сол Ботиктің тестіден аман-есен өткенін атап өтпекпіз. Оның үстіне менің туған күнім де бар дегендей… Мына жөндеу жұмыстары бітпеген соң, ешкімді арнайы шақырған жоқпыз. Екі-үш жолдасымыз «құттықтап барамыз» деп, Ұлжалғасқа өздері хабарласыпты. Қазір көп ұзамай келіп қалар. Айтпақшы, ауылда, «Бірлікте» бүгінде ел қалды ма өзі?..
Берікбол. Қазір онша қалып жарытпады-ау. Мықтаса, сол бір жиырма шақты отбасы болар.
Айдар.(басын шайқап, таңырқап). Ал бір кезде қалың ел еді, ә?.. Біздің бала күнімізде со «Бірлікте» құрығанда екі жүз-екі жүз елудей түтін бар еді ғой.
Берікбол. Иә, сол шама болатын.
Айдар. Баяғыда біздің ауылдың шалдары жаздыгүні киіз үйдің көлеңкесінде аузындағы насыбайларын шырт-шырт түкіріп қойып: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп отыратын жарықтықтар. Солар бәрін біледі екен ғой.
Пауза.
Айтпақшы, сұрауды ұмытып барады екем, Алтын тәтеміздің үйі қайда қазір? Сол «Бірлікте» ме?
Берікбол. Жоқ, о кісінің үйі де аудан орталығына көшіп келген. Бізбен көрші. Біздің үйдің жанындағы теміржол көпіріне барып тірелетін шолақ көше бар емес пе, со көшенің бойынан бір үй-жай сатып алған. Кенжесі Сырымның қолында.
Айдар. Е-е, солай де… Осындайда ойыңа қай-қайдағы түседі. «Бірлікте» Жарықбас деген шал болушы еді ғой, есіңде ме?
Берікбол. Неге есімде болмасын. Ол кісінің шын аты Аманкелді ғой. Біздің ауылдың әйелдері ғой Жарықбас атандырып жүрген. Басында үлкен тыртығы болатын. Жас кезінде көкпар тартып жүріп, аттан құлаған ба, сондай бірдеңесі бар әйтеуір…
Айдар.Солай ма? Мен оны білмейді екем.Әйтеуір жас әйелдер «Жарықбас қайнаға» деп сызылып отыратын. Үлкен де, кіші де, бәрі де солай атайтын еді ғой. Үйі ауылдың шетінде, дарияның дәл жиегінде-тін. Біз, ауыл балалары, өрістен қайтқан малды со кісінің үйінің қасынан қарсылап алатынбыз. Ұмытпасам, со кезде шалдың аудан орталығындағы интернатта жатып оқитын, бойжетіп қалған бір әдемі қызы және сегіз-тоғыз жастар шамасындағы құлағы қалқиған, көздері алақандай, бадырақ көз бір қара баласы бар еді. Қысы-жазы маңдайына қызыл жұлдыз қадаған бір әскери сұр пилотканы басынан тастамайтын.
Берікбол. Иә, есімде…
Айдар. Со бала олай өтсек те, былай өтсек те, сарайдың төбесіндегі үйілген пішеннің үстінде қала жақтан келетін айдау қара жолға қарап, шоқиып отыратын да қоятын. Ұмытпасам аты Қасымбек болу керек. Иә-иә, Қасымбек… Біз оған әдейі не дер екен деп: «Әй, Қасымбек, кімді күтіп отырсың?» десек, ол үнемі «Тәтемді күтіп отырмын да» деген бір ғана жауап беретін. Сонда тәте деп әлгі қалада оқитын әпкесін айтады-ау деймін. Әйтеуір таңертеңнен кешке дейін шөптің үстінде шоқиып отыратын да қоятын.
Берікбол. Білесіз бе, қазір сол жігіт Астанада үлкен қызметкер деп естідім. Жаңылыспасам, әлгі Монополияға қарсы республикалық агенттік бар ғой, соның төрағасының орынбасары көрінеді. Негізі сол Қасымбек мектепті де, институтты да жақсы бітірді. Оның үстіне қайын жұрт жағы да бір дөкейлер көрінеді.
Айдар. Қойш?!. Онда Астанаға барғанда о баланы тауып алып, дұрыстап танысып алу керек екен.
Пауза.
Сосын әлгі біздің көшенің бойындағы азық-түлік дүкеніне қарама-қарсы тұратын бухгалтер көкеміз бар еді ғой. Ой, әлгі… атын ұмытып отырғанымды қараш… Әй, анау… тайыншадай-тайыншадай қабаған овчаркалары бар, сыриған ұзын сары.
Берікбол. Е-е, Орынбасарды айтады екенсіз ғой. Ол кісі бізге нағашы болып келеді.
Айдар. Иә-иә, Орынбасар-Орынбасар!.. Әйтеуір жарықтық қысы-жазы басынан бір атам заманға сұр қалпағын, қолтығынан бір қызыл былғары папкасын тастамайтын. Тірі ме әлі?
Берікбол. Жоқ, баяғыда қайтыс болған.
Айдар.(мұсылманшылық салтпен бетін алақанымен сипап). Иманды болсын пақыр. Ал кемпірі ше, бар ма?
Берікбол. Кемпірі бар. Әлі сол «Бірлікте». Сол үйде Бөлекбай деген сәл ақылы кемдеу, бірақ шаруаға мығым бір кісі бар еді ғой, есіңізде ме?
Айдар. Иә, сол анау Орынбасардың үйінің бүткіл қара жұмысын атқаратын ысқаяқ қара ғой. Таңертеңнен қара кешке дейін «Ахау, Айдош-ай, Куда пойдош-ай, Егер мені іздесең, везде найдешь-ай» деп әндетіп жүретін.
Берікбол, Дәл үстінен түстіңіз. Нақ өзі. Ол кісі әлі тың, пәлендей қартаймаған. Әлі сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүр баяғыша.
Айдар. Алда, пақыр-ай…
Ресторанның ауласына Ұлжалғас пен Болат келіп енеді. Болат Берікболды енді көріп тұрса керек, елден келген ағасымен құшақтасып амандасады.
Болат. Келуіңізбен, аға!..
Берікбол. Рахмет-рахмет!.. Үлкен жігіт болдың ба? Оқуға түсуіңмен!.. Тоқсан бес балл алды деп есіттім. Қуанып жатырмыз бәріміз. Құтты болсын ал!..
Болат. Рахмет, айтқаыңыз келсін.
Ұлжалғас (Айдарға).Қонақтар келді. Жаңа сырттарынан көріп қалдым. Сұлтанбек Ертуғанович, Тойболды, Нұрсұлу, келіншек пе, қыз ба – тағы біреу бар, бәрі машинадан түсіп жатыр.
Айдар. Иә, келсін-келсін. Қыз дайын болса, біз дайын дегендей…
Ұлжалғас. Иә, сенің ойың әйтеуір сол ғой… Мына балалардан да ұялмайсың.
Айдар. Е-е, бұлар, немене, еркек емес пе екен?!. (Болатқа бұрылып). Ботик, мына шешеңе бірдеңе десеңші.
Ұлжалғас. (Айдарға қолын бір сілтеп). Жарар енді!.. Саған сөз өтуші ме еді…
Ұлжалғас енді ресторанның ішінен поднос көтеріп шыққан Сәнияға бұрылады.
Сәния, бәрі дайын ба? Қонақтар келді.
Сәния. Дайын, Ұлжалғас Көпбаевна. Салаттар мен сусындарды, ішімдіктерді – бәрін дастарханға қойдық. Асханадағы қыздар манты әзірлеп жатыр, ал қуырдақ пісіп тұр.
Ұлжалғас. Дұрыс-дұрыс. Жақсылап қызмет етіңдер, қонақтардан ұят болмасын енді.
Сәния. Саспаңыз, Ұлжалғас Көпбаевна. Бәрі о кей болады. (Фарабиге бұрылып). Әй, Фарап мырза, үстелдердің үстіндегі қасықтар мен шанышқыларды түгенде.
Аулаға күткен қонақтар – Сұлтанбек Ертуғанұлы,Тойболды, Нұрсұлу және Гүлден келіп кіреді. Бүгінгі мереке иелері оларды алдарынан шығып қарсы алады: бір-бірлерінің беттерінен сүйісіп, құшақтасып, мәре-сәре болып қалады бәрі.
Сұлтанбек. Ал, Айдеке, туған күн құтты болсын! Міне, шақырмасаңдар да ескі әдетпен келіп қалдық.
Айдар. Рахмет-рахмет. Шақырсаң, жұрттың бәрі келет. Ал нағыз достар әдетте өздеріңіз секілді шақыртпай келеді емес пе, Сұлтеке.
Ұлжалғас. Мына ресторанның екінші қабатындағы жөндеу жұмыстары аяқталмай жатыр. Құдай қаласа, енді жуырда бітеді. Сонда өздеріңізді арнайы шақырамыз, Сұлтанбек Ертуғанович! (Тойболды мен Нұрсұлуға бұрылып). Тәке, Нұреке Сіздерді де! Осы тұрған бәріңізге ат шаптырып, арнайы шақыру билетін жібереміз.
Тойболды. Айтсаңыз болды ғой! Тағы да жетіп келеміз онда осы командамызбен.
Нұрсұлу. Рахмет, сендердің – Айдар екеуіңнің – сараңдардың сортынан емес екендеріңді жақсы білеміз ғой. Ал енді Ботиктің бірыңғай тестіні тамаша тапсырып, оқуға түскені құтты болсын!
Сұлтанбек. Айтпақшы, ең басты жаңалықты ұмытып бара жатыр екенбіз ғой. Келін, Айдеке, құтты болсын!..
Тойболды. Иә, расында да, бүгінгі күннің ең ұлы қуанышы осы емес пе?! Айдекеңнің туған күнін жылда тойлап жүрміз ғой мүйіз шығатын болса.
Нұрсұлу (Болатқа). Ботик, бері келш, айналайын!..
Болат ұяла күлімсіреп, Нұрсұлуға жақындайды. Нұрсұлу оны құшақтап, бетінен сүйеді.
Ал бақытты бол, құлыным! Әрдайым алдыңнан ақ күн тусын!..
Болат. Рахмет, тәте…
Енді Нұрсұлудың көзі Сұлтанбек Ертуғанұлының қолындағы қымбат былғары портфель мен күйеуінің қолындағы дәу брезент қапқа түседі.
Нұрсұлу (Сұлтанбек пен Тойболдыға). Мына заттарыңызды бір жерге қоя тұрсаңыздаршы.
Сұлтанбек (Тойболдыға). Иә, Нұрсұлу дұрыс айтады. Тойболды, менің Алматының ең атақты ұмытшағы екенімді білесің ғой, мына портфельді қабыңмен бірге көрнекті бір жерге қойшы. Оның ішінде он күн бойы көз майымды тауысып жасаған кафедраның бір жылдық есебі бар. Қайтарда ұмытып кетіп жүрмейін, есіме саларсың.
Тойболды. (портфельді алып жатып) Құп болат, Сұлтеке! Қазір мен бұларды құтты орындарына қондырайын…
Тойболды портфель мен қапты алып кетеді.
Айдар. Ал, Сұлтеке, енді былай… дастарханға қарай жақындайық.
Ұлжалғас. Иә-иә, дастарханға… Бәріміз…
Сұлтанбек. Жоқ, Айдаржан, егер рұхсат болса біз мына жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ресторандарыңның ішін көріп шықсақ…(Нұрсұлуға). Нұрсұлу, қалқам, сен бұл ұсынысқа қалай қарайсың?
Нұрсұлу. Дұрыс-дұрыс, Сұлтанбек Ертуғанович! Жақсыны көрмек үшін деген, көрейік. Ал ішіп-жеуге, Құдайға шүкір, әрқашан үлгереміз ғой.
Сұлтанбек(Айдарға). Ал рұхсат па, қожайын?
Айдар. Әрине, Сұлтеке!..
Нұрсұлу. Онда кеттік…
Бәрі ресторанның ішіне еніп кетеді. Сахнада тек Сәния мен Фараби қалады.
Сәния. (Фарабиге) Бай болған қандай керемет,ә?!. Ішіп-жем – мол, астыңда – былқылдаған шетелдік қымбат авто, (қолын екі жаққа құлаштай жайып) достарың – пішен!.. Жүресің дүниені шайқап. Қандай рахат, ә-ә?!
Фараби. Оның несін сұрайсың, белгілі жайт емес пе.
Сәния. Сонда да дегенім ғой. Мысалы, мына сенің бай болғың келе ме?
Фараби. Әрине. Кімнің бай болғысы келмейт.
Сәния. Ол рас. Менің де бай болғым келет. Бай болғанда да анау-мынау емес, супер бай болғым келет!.. Өмірге бір-ақ рет келеді кенсің, ендеше мына дүниені олай да былай шайқап өту керек қой, ә-ә, Фараби?! Солай ма?..
Фараби. Солай шығар…
Сәния. Солай шығар емес, дәл солай! Бірдеңені айтқанда сен осы неге нақты, дәлме-дәл, қадап-қадап айтпайсың?! (Фарабиды пародиялап). Сөл-ә-й шығар, сөл-ә-й шығар…
Пауза.
Фарап, осы қалай баюға болат, а-а? Айтып тұрмын ғой, ана Айдар Сейтқалиевич пен Ұлжалғас Көпбаевна секілді менің де шіріген бай болғым келет деп. Және кейін емес, тап осы қазір, дәл қазір байығым келет!.. Айтшы, а-а, қалай баюға болат?!
Фараби.Сен де қызықсың! Соны білсем, мен өсітіп даяшы болып жүрем бе?
Сәния. Ал мен білем!.. Аяқ астынан байып шыға келу үшін, мәселеңки, мына маған немедленно бір бай жігітке күйеуге шығып алу керек!
Фараби. Онда неге сүйтпейсің?
Сәния. Эх, Фарап-Фарап!.. Жасың бақандай он тоғызға келді, қалай түсінбейсің осындай қарапайым нәрселерді? Ондай супер күйеуді маған аяқ астынан кім тауып бере қояды, а-а, айтшы?! Ол үшін адамға бақ қону керек, бақ! Енді ұқтың ба?
Пауза.
Әне, қонақтар сыртқа шықты. (Күрсініп). Ал енді іске кірісейік…
Ресторанның ішінде бес-алты минуттай аялдаған қонақтар мен үй иелері тізілісіп, қайтадан жазғы алаңдағы террассаға шығады.
Сұлтанбек. Жарайсың, Айдар мырза! Керемет!.. Интерьерді қатырыпсың! Ана қабырғадағы суреттер, фрескалар қазақ флоьклоры сюжеттерінің негізінде жасалған ғой дейім?
Ұлжалғас. Иә, «Алпамыс батыр» жырының сюжеті бойынша.
Нұрсұлу. Е-е, енді түсіндім. Әне бір есік жақтағы екі танауы шелектей, қожырайған дәу қара Ұлтан құл екен ғой. Тамаша-тамаша!
Тойболды. (Сұлтанбекке, таңданысын жасыра алмай, басын шайқап). Сұлтеке, шамдарды… люстраларды көрдіңіз бе?! Қалай, ә?! Әшейін көздің жауын алып мөлт-мөлт етіп тұрғанын!.. (Айдардың басынан сипап). Мына бас не көрмеген бас дейсіз – біледі ғой, білет! Солай емес пе, Сұлтанбек Ертуғанович?..