Әрине, бұл ақылға қонымсыз жайт, бірақ қайғы-қасіреттің адамға пайдалы екеніне сенімді көптеген адамдарды кездестіруге болады. Азап пен қайғы-мұңның бізге дамып-өркендеуге көмектеседі дегенді айтатын жаттықтырушы, коучтар да жеткілікті. Сондықтан көптеген адамдар азаптан арылуға болмайды деп есептейді. Олар, нағыз мазохисттер сияқты, өз өмірлерін қиындатады, алдарына ауыр міндеттер қойып, қажытатын тәртіппен өздерін азаптайды, сондағы көздегені тек бір мақсат – ақыр соңында мықтырақ бола түсу үшін азап шегу! Сөйтіп олар «Адамды жеңе алмағанның бәрі де оны мықты етеді» дегенді мақтанышпен айтады.
Маған бұл мәселені тереңірек қарастыруға тура келді, себебі мұндай қисынсыз ой-пікір адамдардың бақытты болуына және жағымсыз ойларынан арылып еркіндікте болуына басты кедергілердің бірі болып табылады. Осының кесірінен адамдар бақыттан өз еркімен бас тартады. Кейбіреулер азап пен қайғы-қасірет бізді ақылдырақ, аса қырағы әрі сақ етеді деп санайды. Нәтижесінде олар пайда болған қарама-қайшылықтан қинала бастайды: олар бақытты болуды қалайды, сонымен қатар өмірдегі «пайдалы серігіне» айналған азапты жоғалтудан да қорқады! Сондықтан, азаптан құтылса, ақымақ болып қаламын деп қорқады, себебі даналыққа азап шегу арқылы ғана қол жеткізуге болады деп сенеді. Олар сондай-ақ, азап шегудің ересек өмірге жетелейтініне не барлық қайғы-қасіретті сәтті түрде бастан өткеру арқылы ғана бақытқа ие болатындарына сенімді. Ақыр соңында, олар себепсіз бақытты болу дұрыс емес деген ойға келеді. Ал бұл жер бетіндегі көптеген адамдарды бақытсыз етіп жатқан кең таралған қате түсінік болып табылады.
Бірақ неге адамдар азап шегудің өрге басуға қозғаушы күш екеніне соншалықты сенімді?
Алдымен бұған қатысты қарапайым мысалды қарастырайық. 10 жыл некеде тұрып әйеліне көңіл бөлмеген әрі жеке басының бақытын ойламаған ер адамды елестетейік. Оның өмірі «үй – жұмыс – үй – жұмыс» болып өткен. Бір күні ол әйелінің басқа еркекті жақсы көретінін және одан ажырасқысы келетінін үрейі ұша біледі. Бұл жағдай оның жүрегіне ауыр тиеді, ол біраз уақыт жанкүйзелісінде болады, кейінірек ол өз өмірін қайта қарастырып, жаңаша өмір сүре бастайды. Ол өмір бойы дүниенің қызығы мен әсемдігін елемегенін, уақытын тек жұмысқа арнағанын түсіне бастайды. Ол осы уақыт бойы әйелімен қарым-қатынасын нығайтып, оған көңіл бөлмегенін өзі байқамай жүргенін ұғады. Енді ол өзін-өзі дамытуға кіріскен, түрлі тренингтерге барады, спортпен айналысады, жаңа таныстары пайда болады, яғни жанданған адамға айналады. Енді ол былай дейді: «Егер ажырасуға әкелген осы жағдай болмағанда, мен осылай өрге баспас едім. Ажырасудың азабы мен үшін серпін болды». Оған әйеліне деген реніштен және терең қарым-қатынас дамытуға деген қорқыныштан босау үшін жан жарасынан арылуды ұсынған кезде, ол өзінің жан азабының өрге басуға қажет қозғалтқыш екенін айтады, демек одан айырылғысы келмейді. Ол сізге мазохист болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде оның түпсанасында ақау пайда болған.
Ал енді ой жүгіртейік, расында да ол ажырасудан келген азаптың арқасында өзін-өзі дамытумен айналыса бастады ма? Шындығында олай емес! Мұнда оны талпындырған күш – азапқа төзгісі келмегені, осы қалауы! Бар болғаны осы! Оны азап шекпей, жақсы өмір сүруге деген ұмтылысы құтқарды! Ол қиналып, азапталуды тоқтатуға шешім қабылдаған кезде өзі жасаған болашақтың бейнелері оны құтқарды. Демек бұған азаптың ешқандай қатысы жоқ! Егер азап шегу адамдарды прогреске жетелесе, ажырасқан әрбір еркек, ажырасудан кейін алға басып дами бастауы керек қой. Ажырасулар мен айырылысулардың шамамен 80% -ы адамдарға кері әсерін тигізеді, бұл оларды депрессияға, бақытсыздыққа ұшыратады, болашақ қарым-қатынастарға сенімсіз етеді. Тек 20% жағдайда ғана ажырасу алға басуға қозғау салуы мүмкін. Бұл жерде адамға азап шеккені емес, оның өмірлік күш-қуаты, рухы, өмір сүруге деген құштарлығы, бір сөзбен айтқанда, оны белеске шығарып отырған санасындағы жарқын бейнелері!
Тағы бір мысал келтірейік. Кәсіпкер қаржыны қалай басқаруды білмейді, сондықтан компаниясының айналымы үш есе ұлғайған кезде, бірнеше айдан кейін ол бизнесті өз бақылауына ала алмай, банкротқа ұшырайды! Ол өзінің барлық дүние-мүлкінен айырылып, қатты азап шегеді де, бір күні білім алуға, өз-өзін жетілдіруге шешім қабылдайды. Ол бизнесті басқару курстарына барады, қаржыландыру негіздерін үйренеді. Сөйтіп алдына жаңа мақсат қояды – тұрақты жүйесі бар компания құру және табысқа жету! Екі-үш жыл өте ұйқысы тынышталған, істі өз бақылауына алған ол, енді досына: «Егер мен сол кезде банкротқа ұшырамағанымда, білім алып, өз-өзімді жетілдірмей, сауатсыз болар едім», – дейді.
Ал енді нақтылайық, оның табысқа жету себебі компаниясының банкротқа ұшырағанында ма? Жоқ! Бұл жағдайда табысқа жетуінің себептері – алған білімі мен дамуға деген ұмтылысы. Ал бизнесінен айырылған басқа бір кәсіпкер, жеке кәсібі болуын армандауды қойып, жалдамалы жұмысқа орналасады. Демек бұл кәсіпкерге жағдайды өзгертуге деген ынтасы көмек болады. Сонда тағы да, азап шегудің жағдайға еш қатысы жоқ екенін көреміз.
Бұл екі мысалда да адамдардың сәтсіздікке ұшырауының себептері – олардың білімсіздігі, өз-өзін дамытуға деген ықыластың болмауы және қиындық болмай тұрып қиялмен өмір сүргендері. Яғни, егер бірінші ер адам мейірімді, байқампаз және жігерлі болғанда, ол әйелінен айырылмас еді және қазіргі күйінен әлдеқайда бақытты өмір сүрер еді. Екінші жағдайда, егер кәсіпкер бастапқыда дұрыс жоспарлау мен қаржыны басқару қабіліетіне ие болғанда, банкротқа ұшырамас еді және жүйкесі мен денсаулығын сақтап қалар еді.
Міне, осылайша көптеген адамдар азап шегіп өмір сүреді. Олар өсіп-жетілу үшін өмірде таяқ жеу керек деп ойлайды. Айналадан белгі болар бір соққы алам деп күтеді. Ер адам мүмкіндігінше көп әйелмен қарым-қатынаста болу арқылы тәжірибе жинайм деп ойлайды. Кәсіпкер бизнесінде 7—10 рет күйреуге ұшыраса, миллионер боламын деп ойлайды. Тіпті кейбір кәсіпкерлердің «табысқа жету үшін көп рет құлау керек» деп ашық айтатындарын естиміз. Бұлай деу нағыз тұзақ қой. Бұл бұрыс көзқарасты бойыңызға сіңдіретін және сізді қайғы-қасірет пен сәтсіздікке ұрынуға итермелейтін қауіпті кеңес болып табылады!
Шын мәнінде, сіз білім мен даналыққа ие бола отыра, азап шекпей өмір сүре аласыз. Сонда әр сәтсіздіктен кейін қартайып-қажымай, денсаулығыңыз да нашарламайды. Баладай ақкөңіл болуды, ынта мен жан саулығын жоғалтпайсыз.
Өмір ақылыңыз кіріп, жетілуіңіз үшін бір күні төбеңізден төрт қойып ұратындай етіп жаратылған, ал ол уақыт келгенше ағыммен жүре беру керек деген ой – ақылға қонымсыз. Бұл алдымен пышақты қалай дұрыс қолдану керектігін білмей, тамақ дайындауды үйрену сияқты. Бұл медицина маманы болмай, ауырсыну мен сәтсіздіктер сізге хирургиялық отаны қалай дұрыс жасау керектігін үйретеді деген үмітпен өзгеге ота жасау сияқты. Осы жағдайлардың барлығында сіз түбінде жетістікке жететін де шығарсыз, бірақ қандай шығынмен?
Сол себептен де бұл үлкен қателік, кең таралған бұрыс түсінік болып табылады. Адамдардың 95% өмірге осындай көзқараспен қарайды десем қателеспеймін.
Қысқаша айтқанда, азап шегу өрге басып, дамудың қозғаушы күші емес! Адамзат тарихында ілгері қарай даму жойқын соғыстар болған кезде басталған жоқ. Даму, алға басу – сауаттылық пайда болып, ғылым дамығанда, әдеп негіздері енгізіліп, мәдениет өркендегенде басталды.
Жеңімпаз – көп қиындық пен азапты басынан өткерген адам емес, сол қиындықты жеңе білген, сәтсіздіктерді айналып өте алған адам. Осы бір айырмашылыққа назар аударыңызшы. Адамның көп қиындық пен азапты басынан өткергені оны көшбасшы етпейді. Себебі қиналған адам тығырыққа тіреліп, оқшауланып, ақымақ істер жасай бастайды. Ал жақсы көшбасшы бола білген адам азаптан арылу үшін дер кезінде дұрыс шешім қабылдайды, бұл оны одан да күштірек әрі мықтырақ етеді. Демек біз қиындық пен азаптың өзінен емес, оны жеңудің арқасында мықты боламыз! Бәрі де қиындық көріп азап шегеді, бірақ тек жүзден бірі ғана оны жеңіп шығады. Сіз қиналып азапталудың өзінен емес, оны жеңе білуді үйренгеннен сенімділікке, мол тәжірибеге және болашаққа деген берік сенімге ие боласыз! Білім, ұғымталдық, еңбек пен өмірлік күш-қуаттың арқасында сіз жеңімпаз бола аласыз!
Басқаша айтқанда, футболшыны жақсы ететін доп емес, оның ұмтылысы, еңбекқорлығы мен жақсы футболшы болуды армандағаны. Бұл орайда себеп пен салдарды шатастырып алмаңыз. Боксшыны шебер ететін жағына тиген өте ауыр соққылар емес, дұрыс техниканы қолданғаны, жеңіске жету арманы және жетістікке деген құштарлығы. Басшыны мықты ететін жүздеген банкротқа ұшырағаны емес, жүздеген компанияны өркендеуге жеткізе алғаны. Бұл ерекше жайтты есте сақтағаныңыз абзал. Егер достарыңыздың кейбірі болашақта бақытты болудың кілті – қиналып азап шегуде екеніне сенімді болса, оларға міндетті түрде осы тарауды оқуға беріңіз. Ақыл-ойды іске қосып ой жүгіртіп көрсін. Сонда азап шегу бізге дамуға көмектеседі деген пікір қайдан шықты?
Бәрі өте қарапайым. Сіз қиналған кезде, жақындарыңыздың кейбірі сізге қалай көмектесерін білмей, өздерінің «даналық қоржынынан» былай деп жұбатады: «азап пен қиындық бізге сынақ үшін беріледі», «Қиындық бізге алға басуға көмектеседі» және т. б. Жоғарыда айтқанымдай, мыңдаған жылдар бойы адамдар жан жараларын қалай емдеуге болатынын білмеді, бірақ олар осындай жұбанышты сөздерді ойлап тауып, емдеуге тырысқан. Мұндай сөздерді естігенде, сіз оларды шындық ретінде қабылдайсыз, сөйтіп өзіңізге: «Бұл қиындықты қалайша алға қарай дамуға айналдыра аламын?» деген сұрақты қойып, шығудың жолын тауып, алға жүре бастайсыз. Негізі бұл сөздер шындыққа сай келмейді. Ол тек ой-санаңызда «Бұл сынақтан шығудың жолын ойластыр, себебі Құдай бұл сынақты өсіп-өркендеуім үшін берді» деген ойынды қосты. Енді назарыңыз азаптан құтылудың жолына аударылды, және шынымен де азаптан құтыласыз, содан кейін болашақта сіз бұл оқиғаны басқаларға айтып, пікіріңізбен бойыңызды мақтаныш кернеп бөлісесіз, «Егер бақытсыздық көмектеспегенде бақыт та болмас еді» дегенді айтасыз.
Егер сіз бір кездері депрессияның ауыр түріне ұшыраған болсаңыз, мұндай жұбанышты сөздердің сізге көмектеспегенін білерсіз. Егер бұл жұбанышты сөздер шындыққа жақын болса, ол сізді әрқашан депрессиядан «көтереді» деген сөз. Бірақ егер көмектеспесе, шындыққа сай болмағаны, мұны түсінген боларсыз. Демек, «қиындық пен азап бізге өсіп-өркендеуге көмектеседі» деген сөздер, сізде әлі де өмірлік күш-қуат мен әрі қарай өмір сүруге деген ықыласыңыз болған жағдайда ғана, яғни жағдайыңыз аса ауыр болмаған кезде ғана сізді көтереді. Ал егер күш-қуатыңыз нөлге тең болса, онда мұндай жұбанышты сөздерден келіп-кетер пайда жоқ.
Адамдардың азап шегу пайдалы дегенге сенімді болуларының тағы бір себебі – азап пен тәжірибені шатастырып алуы. Олар бірде-бір қателік жасамауға тырысып, өмір туралы жүз кітап оқығаннан гөрі, қателік жасап, содан сабақ алып, тәжірибе жинаған дұрыс деп ойлайды. Бұл, әрине, бір жағынан шындыққа сай. Расында да, Гималай туралы мақалаларды жүз рет оқып не оларды суреттерден зерттегеннен гөрі, ол жерге бір рет барып, өз көзіңізбен көрген жақсы. Бірақ мұнда ең қызығы, ешкім азап шегу, қиналу туралы сөз қозғамайды! Әңгіме тәжірибе туралы болып тұр. Сіз көкөністерді кесуді үйренбес бұрын, алдымен жарақат алмауыңыз үшін пышақты дұрыс қолдануды үйренесіз, солай емес пе? Сіз пышақпен жұмыс істеуде тәжірибе жинау үшін саусағыңызды әдейі кеспейсіз ғой?! Немесе сіз көлікке, оны айдауды нұсқаушының алдын-ала үйретуінсіз, көлік апаттары арқылы үйренемін деген оймен отырмайсыз ғой?! Келісерсіз, бұл үлкен ақымақтық болар еді.
Бірақ өмірдегі көп мәселелерде дәл осылай болып жатады. Адамдар баланы қалай тәрбиелеу керектігін білмейді, бірақ оны дүниеге әкелуге асығады, мән-жайды іс жүзінде қолданғанда түсінеміз деп үміттенеді. Адамдар жоғалтудан туындаған реніш пен жан азабын қалай жеңуге болатынын білмейді, бірақ қарама-қарсы жыныстағы адаммен қарым-қатынаста болуға асығады. Адамдар қазіргі заманда қалай өмір сүру керектігін білмейді, бірақ өмірдегі қателіктер сабақ болар деп, оқу орнын тезірек бітіруді армандайды. Мектепте өмір сүруге, ақша табуға, балаларды тәрбиелеуге, жақсы күйеу немесе жақсы әйел болуға қатысты білім берілмейді. Сондықтан да адамдар «бәрін іс жүзінде үйренерміз» деген тәуекелді ой-пікірмен өмір сүреді. Жастық шақта адам сүйікті адамының қатты ренжітуі қаншалықты ауыр тиетінін түсіне қоймайды. Айырылысуды бастан өткерудің қаншалықты жанға бататынын түсінбейді. Олар бала тәрбиелеудің қандай үлкен жауапкершілік екенін, ата-ананың қателігінен бала жапа шегуі мүмкін екенін де түсіне бермейді. Кенеттен өмірдің мәнін жоғалтудың қаншалықты азапты болатынын білмейді. Бұл жан азабы пышақпен саусақты зақымдап алғаннан не жазда көшеде күн астында ұзақ тұрып күйіп қалғаннан да әлдеқайда ащы боп тиюі мүмкін. «Әркім өз тәжірибесінен үйренеді» дегенге сеніп өмір сүреді, сондықтан өзгелердің кеңестеріне құлақ аспай, былайша айтқанда, таяқ жеп жүріп тәжірибе жинайды, мұны солай болуы тиіс норма деп есептейді. Бірақ опық жемей-ақ тәжірибелі болуға болады ғой! Өкінішке қарай, бұл жайлы бәрі де ойлана бермейді. Тереңде жатқан жан жараларына тіреліп қалмай, өте тәжірибелі отағасы, тәжірибелі ата-ана, ата-әже болуға болатыны сөзсіз.
Енді сіз қиналу мен азап шегу – жетістіктің катализаторы деген «вирустың» қайдан таралып отырғанын түсінген боларсыз. Шындығында, жан азабының еш пайдасы жоқтығынан басқа, ол санамызда өмірге қатысты бұрмаланған ойларды, ақылға қонымсыз сенім-нанымды, уақыт өте шынайы өз қалауымыздай көрінетін бұрыс қалауларды тудырады. Яғни мұнда, әңгіме адамның жан-дүниесіне тигізер әсері жайлы болып отыр. Ал егер адамның сырт көрінісі жайлы айтатын болсақ, бақыт не жан азабының адамның келбеті, сырт көрінісі мен денсаулығынан көрініс табатынын оңай байқай аласыз. Мұндай белгілерге бүкірейіп қалғаны, асқа тәбеттің болмауы, бетінің қараюы, әжімдер, ұйқышылдық, шаршағандық, ашуланшақтық және көптеген созылмалы аурулар жатады. Құлаққа қаншалықты жағымсыз естілсе де, адамдар жан азабынан қалай арылуға болатынын білмегендіктен, денсаулығынан, жастық шағынан және сұлулығынан айырылып азап шеккендері дамып-өркендеуге серпін беред дегенге шынымен де сенеді.
Егер сіз азап шегіп қиналудың прогрестің қозғаушы күші емес екенін, керісінше жауыңыз болып табылатынын, сондықтан бұл жаумен жетістікке жету әрі өркендеу жолында күресуіңіз керектігін түсінген болсаңыз, мен сізді құттықтаймын: алға басып дамуыңыз үшін бірінші маңызды қадамды жасадыңыз. Ал енді жан азабының барлық жағымсыз салдарын егжей-тегжейлі қарастырайық.
Бір ананың үш жасар қызын қабырғаға мысықтың суретін салғаны үшін ұрысқаны туралы қарапайым мысалды алайық. Анасы өте қымбат тұсқағаз бүлінгендіктен қапа болып, бірден баланың басынан ұрып жібереді. Ол қызын ақымақ деп атап, қатты дауыспен: «Ешқашан бұдан былай қабырғаға тиісуші болма, ұқтың ба?!» деп сөгеді.
10—15 минут өте анасы бұл оқиғаны ұмытып қалып, еске де алмайтын болар. Алайда дәл осы сәтте баланың жан дүниесінде нендей жайт болды?
Осы сәтте бала санасындағы жарқын бейнелері жойыла бастағанын, оның айналадағы дүние туралы түсінігі қараңғы бола бастағанын түсінген боларсыз. Бірақ мұнда біліне бермес тағы бірнеше жайттар бар.
Осы жағдайда баланың реакциясы қандай болады? Ол қатты ренжіп, жылап жіберуі мүмкін. Немесе ашуланып, бүкіл үйге айғай-шу шығарар. Я болмаса, өзімен-өзі тұйықталып, фломастерге енді қайтып жоламауы да мүмкін. Тіпті ауырып қалуы да ықтимал. Яғни баланың реакциясы біржақты ғана болад деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ егер баланы жақсы білетін болсаңыз, онда оның қалай әрекет ететінін 90%-ға дәл айта аласыз.
Мысалды тереңірек қарастырайық. Осы сәтте балаға қандай ой келді? Ол қандай қорытынды жасады? Қандай ұстанымдар пайда болды? Мүмкін ол: «Мен енді ешқашан сурет салмаймын!» деп немесе анасы оның өнерін мақұлдамайды деп шешкен шығар. Тағы мынадай тоқтамға келуі де мүмкін: «Егер болашақта анамның назарын өзіме аударғым келсе, маған бірдеңені бүлдіру керек». Сіз бұл ойлардың алдын-ала нақты болжай алмайтынымызды түсіндіңіз бе? Баланың эмоционалды реакциясын 90% дәлдікпен болжау мүмкін болғанмен, оның санасында пайда болатын ойлар мен шешімдерді болжау өте қиын. Себебі әр бала – жеке тұлға. Бір бала кек алуды ойласа, екіншісі өз дегенінен қайтпай табанды болуды шешеді, үшіншісі мойынсұнғыш болуды және бұдан былай ешнәрсеге ықылыс білдірмеуді ойлауы мүмкін. Көрдіңіз бе, салдары қандай болмақ?
Ал енді көзге көрінетін өзгерістерге тоқталып өтейік. Анасы ұрысқаннан кейін қыздың денесі қалай өзгереді? Басында оның денесі босаңсып, дене бітімі түзу, бет бұлшықеттері жақсы күйде болған шығар. Бірақ анасы ұрысқаннан кейін оның бұлшық еттері қысылып, денесі бүкірейіп, бетінің бұлшықеттері босап қалуы мүмкін және ішкі мүшелерінің кейбір бұлшықеттері тырысып қалған да болар, ал бұл кейіннен тәбеттің төмендеуіне, иммунитеттің нашарлауына, суық тиюге және т.б. әкелуі мүмкін.
Әрі қарай жалғастырайық. Осы оқиғадан кейін 10 жыл өтті деп елестетіп көріңіз. Қызыңыз 13 жаста, ол өз бетінше әрекет ете алатындай қайратты бола түскен. Бір күні сізбен бірге көшеде келе жатып, көршінің бес жасар қызына киімін былғағаны үшін ұрысып жатқанын көреді. Бұл 13 жасар жасөспірім қызымыз дәл осы сәтте бұл балаға қатты жаны ашып, ал баланың анасына ашулы болады. Ол баланы қорғағысы келеді және барлық әйелдерге қатысты түсініксіз ренішті сезінеді. Осы кезде ол тіпті өз анасына да себепсіз ашулануы мүмкін. Сіз қызыңызбен маңызды бір нәрсе туралы сөйлескіңіз келеді, ал ол кенеттен ойы жан-жаққа шашырап, зейінсіз бола бастаған, сондықтан сіздің сөздеріңіз оны ызаландыруы мүмкін. Бұл күніге болып жүрген қалыпты жағдай сияқты. Сондықтан қызыңыздың көңіл-күйі болмай тұрған шығар деп ойларсыз. Немесе ол көшеде ұзақ жүріп шаршаған болар, не қыңырлық танытып тұр деп те ойлауыңыз мүмкін. Сол себептен оған ұрысқыңыз келер. Бірақ бұл жерде 13 жастағы қыздың түпсанасына үңілмейінше, ешкім де көре алмайтын нақты бір себеп бар.
Шындығында, көршісі баласына ұрысып жатқан жағдай, біздің 13 жасар қыздың түпсанасында бұрын пайда болған бейнені қозғап жіберді! Оның үш жасында бастан кешірген естеліктері, сезімдері мен эмоциялары оянып белсенді бола түсті. Оның түпсанасы, бұл жағдайдың қабырғаға сурет салып, түсқағазды бүлдіргені үшін анасы оны ақымақ деп атаған кездегі жағдаймен ұқсастығы бар деп қабылдады. Түпсанадағы осы ақаудың кесірінен анасы сол күні еш жаман әрекет жасамаса да, ол сол сәтте анасына ашулана бастайды!
Сонымен, қандай жайттар анық болды?
Мынадай маңызды 4 элемент анықталды:
1) баланың болған жағдайға реакциясы, бір сөзбен айтқанда, оның ЭМОЦИЯЛАРЫ, немесе, кейінірек түсінетініңіздей, оның бақытты болу деңгейі;
2) баланың санасында пайда болатын ОЙЛАРЫ, көзқарастары мен тұжырымдары;
3) ДЕНЕ сезімі, ондағы өзгерістер. Бұл бұлшықет, гормоналды, жүйке жүйесінің күйі мен саулығын және т.б. физикалық проблемаларды қамтиды.
4) болашақта баланың мінез-құлқындағы проблемаларға және жүріс-тұрысына әсерін тигізетін ЖАДЫНДА сақталған бейнелер.
Бұл төрт элементтің әрқайсысының ғылыми түсіндірмесі бар, оларды дәл болжауға және бақылауға алуға болады. Осыларды біле отырып, бақытты әрі өте қабілетті баланы тәрбиелей аласыз. Айналаңыздағы жайттарды өз бақылауыңызға ала аласыз. Ең бастысы, ӨЗІҢІЗДІ және ішкі дүниеңізді анағұрлым жақсы түсіне аласыз! Тағы да маңыздысы, өзіңізді жақсы жаққа өзгертуді үйренесіз, анағұрлым бақыттырақ әрі табысты боласыз, осылайша өміріңізді ғажапқа айналдырасыз.
Ыңғайлы болу үшін біз бұл төрт элементті ВЕКТОРЛАР деп атаймыз. Пейнхантинг бізге барлық төрт вектор бойынша өзгеруге көмектеседі. Оларды оңай есте сақтау үшін мыналарды білдіретін «ДОСЕ» аббревиатурасын қолданамыз:
1) дене;
2) ой;
3) сезім (эмоция);
4) есте сақтау (жады).
Бұл төрт вектордың маңызы өте зор. Өмірімізде жақсы не жаман жағдай болғанда, біз көрсетілген барлық векторлар бойынша өзгереміз. Және бұл өзгерістер негізі қатар жүреді. Мысалы, егер бір нәрсе бізді қатты қуантса, бізде жағымды эмоциялар пайда болады да, денеміз босаңсып, денсаулығымыз жақсарады. Осы кезде ойларымыз да тынышталып, оптимистік болады, ал жадымызда тек ашық та жарқын бейнелер пайда болады. Ал керісінше, егер сіз апатияда болып, сарыуайымға салынсаңыз, денеңіз сау болмай, ойларыңыз тек өлім мен өмірдің пайдасыздығы туралы, ал жадыңызда тек қайғылы және қараңғы бейнелер болады.
Әрі қарай жұмыс жасауға көшкенде, сізге осы векторларды үнемі қадағалап отыруыңыз қажет болады. Жан дүниеңіз бақытқа неғұрлым көп бөленген сайын, денеңіз, эмоцияларыңыз, ойларыңыз бен естеліктеріңіз соғұрлым жақсы күйде болады.
Келесі тарауларда біз осы төрт вектордың әрқайсысының қалай жұмыс істейтінін, яғни механизмін қарастырамыз. Ендеше, үшінші «С» векторынан бастайық, себебі ол негізгі вектор болып табылады. Эмоциялар – біздің психикалық денсаулығымыздың негізгі көрсеткіші, ал қалған векторлардың барлығы осы вектормен тығыз байланысты. Сондықтан алдымен эмоцияны, содан кейін ойды, есте сақтау мен денені қарастырғанымыз дұрыс.
Суреттің толық бейнесін көре алу үшін тарауларды бірінен екіншісіне секірмей оқуды ұсынамын.