Мынадай қызықты құбылысты байқағансыз ба: өзіңізге бірдеңені ұмытпауға уәде бердіңіз, сосын бұл уәдеңіз ішкі дауысыңызға айналады, кейінірек бұл ішкі дауыс ұмытпау тиіс нәрсені еске салады.
Мысалы, іссапарға бару керек болғанда, сіз заттарыңызды жинау үшін үйге барар жолда: «Құжаттарды чемоданға салуды ұмытпа» немесе «сөмкеге смартфон зарядтағышын салуды ұмытпа» деп ішіңізден ойлаған шығарсыз. Кейінірек қажет нәрсенің бәрін жинап болған соң сіз түпсанаңызда алаңдаушылық сезіндіңіз де, сізге онымен «сөйлесуге» тура келді. Сөйтіп сіз оны мұқият тыңдағанда, кенеттен ол: «Құжатты чемоданға сал» немесе «Зарядтағышты сөмкеге сал» деген ақпарат береді. Бұл ақпарат ойлар, ішкі дауыс немесе бейне түрінде келуі мүмкін. Бұл аса маңызды емес, десе де бұл сізге таныс жайт қой? Жоспарлаған заттардың бәрін салып болғаннан кейін ғана тынышталып, мазасыз күй кешпейтініңіз сөзсіз.
Немесе, мысалы, сіз көйлегіңізді үтіктеп жатқанда, балаңыз ойыншығына қатысты көмек сұрап сізді шақырып жатқанын естисіз. Осы сәтте өзіңізге: «Қайта келіп үтікті міндетті түрде өшіруді ұмытпа» деген боларсыз, сөйтіп бала отырған бөлмеге барасыз. Содан кейін көршілер есік қағып, коммуналдық төлемнің қымбаттағаны туралы жаңалық айтады, кейін қал-жағдайыңызды білу үшін ата-анаңыз телефон шалады. Осылай сіз үтіктеу процесін ұмытып кеттіңіз. Алайда соған қарамастан бір ішкі алаңдаушылықты сезіп тұрасыз. Беймаза болып, сізге бір нәрсе аяқталмағандай көрінеді. Ал егер босаңсып, ішкі дауысыңызды тыңдайтын болсаңыз, бірден «Үтікті өшіру керек» деген ақпаратты аласыз.
Осы қарапайым мысалдар арқылы мен сізге түпсананың атқаратын маңызды функциясы бар екенін жеткізгім келеді. Бұлар бұйрықтарды сақтау және оларды орындау функциясы! Әр адам түпсанасының осы функциясын интуитивті түрде қолданады, соның арқасында атқару керек әр іс-әрекетімізді қойын дәптерге жазып отырмай көптеген істерді жақсы атқара аламыз.
Бірақ бұл функцияның бір ерекше қасиеті бар. Түпсанаға өзіміз беретін бұйрықтар ешқашан жоғалмайды. Олар сіздің жадыңызда, былайша айтқанда «жазулы тұрады» әрі алаңдаушылық тудырады. Ол смартфон немесе ноутбук сияқты. Егер сіз көп қолданбалар топтамасын ашып, оларды жаппасаңыз, онда оперативті жады өте аз болады, сондықтан сіздің гаджетіңіз қарапайым функциялардың өзін өте баяу орындайтын болады. Үтікпен мысалдағыдай, қолданбаның барлық терезелерін жапсаңыз, смартфоныңыз «тынышталып», кез келген тапсырманы тез әрі оңай орындай бастайды.
Екінші ерекшелік – санамызға берілген командалар, кейде олардың орындалуының енді қажеті болмаса да орындалады! Бұдан сананың дұрыс емес есептеулері пайда болады, ал бұл ең ақымақ әрекеттерге, наным-сенімдерге және нәтижесінде өз істерінен зардап шегуге әкеледі. Бұл болса, өз кезегінде, сәтсіздікке және түрлі ауруларға ұшыратады.
Осы мысалдардың көмегімен сіз бір маңызды ойды түсінуіңіз керек. Түпсанаңыз не істесе де, барлығын сіздің бұйрығыңыз бойынша ғана істейді! Түпсанаңыз ешқашан сізді басқарып отырмайды. Егер өзіңіз рұқсат етпесеңіз, түпсанаңызды бөтен адамдар ешқашан басқара алмайды. Бірақ неге кейде түпсанамыз бізді тыңдамайтындай жағдай болады? Емтиханға үш күн қалғанда, түпсананың оған дайындалғысы келмеген кездері есіңізде ме? Жұмысыңызға қатысты көп іс атқару керек болғанда, саналы түрде диванда демалуды таңдаған кезіңіз есіңізде ме? Аудитория алдына шығып, сенімді сөйлеу керек болғанда, түпсанаңыздың неге екені белгісіз, қорқыныш пен ұялуды қосып, бұның салдарынан қызарып, қолдарыңыз дірілдеп кеткен сәттер есіңізде ме? Егер түпсанамыз біз берген бұйрықтарды қатаң түрде орындайтын болса, онда неге ол кейде бізді тыңдауды қояды? Бұл оның зорығып кеткенін білдіре ме? Әлде шамадан тыс жүктелгені ме? Сонда түпсана жұмысы мінсіз болмағаны ма?
Бұның жауабы қарапайым. Егер түпсанаңыз кейде сізге бағынбай, бұйрықтарыңызды орындамаса, онда сіз оған мұның алдында, қазіргі командаңызға қайшы келетін басқа команда бергенсіз. Бар болғаны осы. Егер сол ескі команданы тауып, одан бас тартсаңыз, онда сіздің түпсанаңыз толық қуатпен қосылады да, қазіргі тапсырмаңызды өте жеңіл әрі тез орындайсыз. Мысалы, бір әйел 15 жасында көлік апатына ұшырап, енді ешқашан көлікпен алыс жерлерге бармаймын, оның орнына пойызбен жүремін деп шешкен делік. Сосын ол бұл ойды ұмытады, 10 жыл өткен соң күйеуі оған басқа қалада тұратын ата-анасына көлікпен баруды ұсынады. Әйелдің алдында бұйырылған «Басқа қалаларға көлікпен баруды таңдама» деген командасы болғандықтан, ол бір түсініксіз қорқыныш пен жайсыздықты сезінеді. Егер бұл қорқынышы күшті болса, онда әйел күйеуін ата-анасына пойызбен баруға көндіруі мүмкін.
Бұл мысалда түпсанадағы ескі ой жеңді. Бірақ кейде жаңа ой жеңеді. Мысалы, сіз әрқашан дәрігер болғыңыз келген делік. Сіз мектепте биология мен анатомияны оқығанды ұнататынсыз. Бір күні дәрігерлердің сәтсіз аяқталған, ауыр ота жасағандарын көрдіңіз, кейін сіз дәлізде қайтыс болған науқастың туыстарының зар еңіреп жылағандарын естідіңіз. Сол кезде сіз дәрігер болу өте ауыр іс деп шештіңіз, сөйтіп өлім мен қан жиі кездеспейтін басқа мамандықты таңдадыңыз. Демек бұл жағдайда кейін пайда болған ой жеңді, бірақ бұған дейін сіз үнемі дәрігер болуды армандаған болатынсыз. Неге осылай болды?
Байқаған боларсыз, бұл екі мысалда да болуы мүмкін қауіп пен жанға батар ауру туралы ой жеңді! Бұл түпсана қасиеттерінің бірі. Біздің түпсанамыз ең қауіпсіз жолды таңдайды. Егер кедей адамға еркін және жайлы өмір сүре алатынын, бірақ бұл үшін кәсіпкерлікпен айналысуы қажет екенін айтса, ол, ең алдымен, кедейшілікке апаратын болса да, неғұрлым тәуекелге апармайтын жолды таңдайды, өйткені жайлы аймақтан тыс жерде түпсана кілең қауіптерді көреді. Демек, түпсана қауіпі бар, бірақ жарқын жолдан гөрі, қауіпсіз, бірақ қараңғы жолды қалайды.
Көріп отырғаныңыздай, түпсана өте көп мөлшерде ойларды сақтайды және оларды маңыздылық дәрежесі, қауіпсіздігі және басқа да критерийлер бойынша сұрыптайды. Одан әрі қарай жүрейік.
Түпсанамызды үлкен корпорация ретінде елестетіп көрейік. Сіздің санаңыз – сіз өзіңіз делік және корпорацияның иесі, басты акционері сіз боласыз. Жүздеген, мыңдаған, тіпті мүмкін миллиондаған сізге бағынышты қызметкерлер – бұл түпсанаңыздағы ойларыңыз, олар әр секунд сайын өзіңіз бір кездері сеніп тапсырған көп істерді атқарады. Егер бұл корпорацияны басқарғыңыз келсе, онда сіз осы қызметкерлермен жұмыс жасай білуіңіз керек. Яғни, егер өз ақыл-санаңыздың қожайыны болғыңыз келсе, түпсанаңыздағы ойларыңызбен жұмыс істеуді үйренуіңіз керек. Әрине, егер акционердің басқару қабілеті болмаса, ол әр процеске өзі араласып кетеді, яғни, бухгалтер орнына өзі бухгалтерия жұмыстарын жүргізуге тырысады, сату бөлімінің орнына саудамен және күзетшілердің орнына күзетпен айналысады. Дәл осылай, егер өз түпсанаңызды басқаруды білмесеңіз, үнемі өзіңізді санаңыздағы тұжырым-ұстанымдармен жұмыс жасауға мәжбүрлеп отыратын боласыз.
Қарапайым мысал келтірейін. Сіздің түпсанаңызда: «Алдын ала есеп тапсырудың пайдасы жоқ, бәрібір оларды ешкім бағаламайды», – деген бұрын орнатылған тұжырым бар. Бір күні сіз есеп жүргізуді қалайсыз, бірақ сіздің денеңіз диваннан тұрғысы келмейді. Негізінде, осы кезде, сіз бір кездері жұмысқа «жалдаған» белгілі бір «бағынышты қызметкер» сіздің түпсанаңызда «Қажетсіз күш салма, өйткені оны ешкім бағаламайды» деген бұйрықты орындап тұр. Бірақ бұл әріптесті елемей, денеңізді диваннан тұруға мәжбүрлейсіз. Әрине, сөйтіп ісіңізді атқарасыз. Бірақ осы кезде түпсанаңыз абдырап қалады. Өйткені түпсанаңыздағы «бағынышты қызметкер» жұмыстан шығарылмаған ғой! Сондықтан ол өзіне бұйырылған команданы орындауын жалғастыра береді. Сіз өзіңізге айқайлайсыз, өзіңізді ынталандырасыз, ұрысасыз және қайта көтерілесіз. Осылайша сіз бір күні шаршамайынша, өзіңізді көп рет «мәжбүрлеп отырасыз». Егер акционермен ұқсастыққа қайта оралсақ, акционердің маңызды істері өте көп екені анық. Ол бухгалтерия бөлімі бола тұра, бухгалтерлік есепті үнемі өзі жүргізіп кетпейді ғой, я болмаса бірнеше заңгерлері бола тұра, келісімшарттар жасаумен үнемі айналыспайды ғой. Сізде де тура солай. Бір күні сіз диваннан тұру үшін тым көп күш жұмсайтыныңызды түсінесіз. Басқа жағынан, «жалдаған жұмысшыңыз» сізге «Неге орныңнан тұрасың? Бізді бәрібір ешкім бағаламайды!» деп сан рет қайталап тұрды. Егер ішкі дауысыңызды ести алатын өте сезімтал адам болсаңыз, түпсанаңыздың сізді әрекетсіз күйде ұстауы бекер емес екенін түсінесіз. Демек, беріліп тұрған команданы «ести аласыз». Осы кезде дәл сол қызметкерді «жалдаған» кезіңізді есіңізге түсірсеңіз, оған бұл функцияның енді қажет емес екенін түсіндіріңіз, сонда түпсанаңыз денеңізді селқостықта ұстауды тоқтатады. Осылайша күш пен энергияның артқанын тезірек сезінесіз.
Ендеше, ұқсастығы бар мысалға қайта оралайық. Сіздің ақыл-санаңыз – үлкен корпорация. Сіз, сіздің санаңыз, осы корпорацияның акционерісіз. Ал түпсанасыз – сіздің қарамағыңыздағы қызметкерлер, сіз оларды корпорацияңыздың белгілі бір тапсырмаларын орындау үшін жұмысқа жалдап отырсыз.
Енді осы корпорациядағы күнделікті жұмысты елестетіп көріңізші. Күн сайын, минут сайын корпорация жүздеген және мыңдаған хаттарды, хабарламаларды және т.б. қабылдайды. Яғни, сіздің түпсанаңыз әр минут сайын дауыс, дыбыс, сурет, иіс, мәтін және т.б. түріндегі жүздеген, мыңдаған деректерді талдайды, бұдан басқа сіздің денеңізді, жүйке жүйесін, ас қорытуды, бұлшықет жүйесін, гормондарды, қан айналымын және т.б. басқарады. Осы ақпараттардың барлығын бір ғана акционердің өңдеп отыруы мүмкін емес. Яғни, күнделікті істерді атқарып, белсенді түрде жұмыс жасай отыра, тәулік бойы Осында және Қазір болу сана деңгейінде мүмкін емес. Біз істей алатын нәрсе – түпсанамыздың жұмысын бақылау. Саналы түрде жүрегімізді соққызуға, көзді ашып-жұмғызуға, өкпемізді тыныс алғызуға, сонымен қатар айналамызда болып жатқан оқиғаларды белсенді түрде талдау әрі уақытында жауап беруге – бұның барлығына санамыздың энергиясы жеткіліксіз болар еді. Бұларды бізге түпсана атқарып беруде. Сондықтан сіздің міндетіңіз – түпсананы ретке келтіріп отыруды үйрену және ондағы ақаулар мен қарама-қайшылықтарды болдырмау.
Ендеше, әрі қарай жүрейік. Біз бір маңызды мәселені түсініп алдық. Сана түпсананы жеңе алады, бірақ уақытша ғана. Корпорацияның әлдеқайда тиімді жұмыс істеуі үшін сізге түпсанаға терең үңілу керек, жауапты «қызметкерді» тауып, оған жаңа команда беруіңіз немесе оны ескі функцияны орындаудан босатуыңыз керек.
Біз тек бір акционер мен бір қызметкер арасындағы қақтығысты қарастырдық. Бірақ, негізі, іс-жүзінде екі қызметкер арасында жанжал болады. Ал кейде бірнеше, тіпті жүздегендерінің арасында. Міне осы кезде, нағыз көтеріліс басталады. Сіз енді сыртқы жаулармен күреспейсіз. Өзіңізді іштей жеп, өз-өзіңізбен күресесіз. Кейін ауырып қалып, онкологияға, инфарктке, депрессияға немесе суицидке дейін барасыз.
Бұл «көтерілістің» мәнін түсіну үшін бізге моделімізді біршама күрделендіру керек. Олай болса кеттік.
Егер біз өз ақыл-санамызды ірі корпорация ретінде қарастырған болсақ, компания ішіндегі әрбір функция жайлы әзірге ойламай, алдымен барлық қызметкерлердің күрделі жұмысы қалай ұйымдастырылғаны туралы түсінік алайық. Біз үшін корпоративтік ішкі қақтығыстардың мәнін анықтау маңыздырақ, өйткені біз адамның неліктен кейде іштей өз-өзімен күресетінін түсінгіміз келеді.
Егер сіз бұрын жалдамалы жұмыс істеген болсаңыз не жеке бизнесіңіз болған болса, барлық жанжалдардың негізгі себебін байқаған боларсыз. Олар әдетте мүдделердің сәйкес келмеуінен пайда болады. Ал ең көп тараған келіспеушілік бухгалтерия мен сату бөлімі арасында жиі кездеседі. Немесе заңгерлер мен клиент менеджерлері арасында. Я болмаса, егер бұл банк болса, тәуекел- менеджерлері мен несие менеджерлері арасында жанжал болып тұрады. Бұл шайқаста, байқасаңыз, есепшілер, заңгерлер, тәуекел менеджерлері, әкімшілер және т.б. жиі әділетсіз жеңіп жатады. Неліктен бұлай болады? Сату бөлімі компания үшін және барлық қызметкерлер үшін игілікті қалап, көбірек сатқысы келед емес пе? Онда неге бастық кейде сату менеджерлерінен гөрі бухгалтерді көбірек тыңдайды?
Бұл қызметкерлер арасындағы негізгі келіспеушіліктер бір топтың – алға дамуды, екіншісінің – қауіпсіздікті ойлайтынында болып отыр. Ал бұл ішкі күресте әдетте қауіпсіздікті ойлайтын топ жеңеді. Мысалы, сіз ірі, салиқалы компанияда даму жөніндегі директор ретінде жұмыс істейсіз. Бірақ егер кіруге рұқсат қағазыңызды ұмытып кетсеңіз, қауіпсіздік қызметіндегі сынақ мерзімін өтушінің өзі сізді ғимаратқа кіргізбейді. Сіз бұл компанияда осы сынақ мерзімін өтушіге қарағанда маңыздырақ адам болып көрінетін сияқтысыз, бірақ дәл осы кезде сіздің оған емес, оның сізге билігі көбірек болып тұр. Қалайша?
Тағы бір мысалды алайық, сіз клиенттермен жұмыс жасау менеджері ретінде бірнеше миллионға келісім-шартқа отырғыңыз келді делік, бірақ құжат грамматикалық қатеге не «Кеңсеге жеткізілетін 10 литр ауыз судың құнын өтеу» деген сияқты маңызды емес пункттің жазылу жолына мін таққан «қырсық» заңгер қолында ұзақ уақыт тұрып қалады. Осы әрекеті үшін оны неге жұмыстан шығармайды? Неге ол осыншалықты билікке ие, оның үстіне, бастықтың компаниясының игілігін ойласаңыз да, неге ол сізден гөрі сол заңгерді жиі тыңдайды? Сіз компанияның ілгері дамуын қалайсыз, бірақ бастығыңызбен бірге әлгі заңгер, компанияны алға дамытқысы келмейтіндей көрінеді. Сонда мұнда проблема неде? Сіз нақты клиенттерді, нақты дамуды, нақты ақшаны көріп тұрсыз, бірақ неге сізді адамдардан оқшауланған, бизнес туралы хабары жоқ және компанияда болып жатқан нәрселердің мәнін түсінбейтін бір қырсық қызметкер басқаруда?
Мен бұл мысалдарды түпсана механизмі қалай жұмыс істейтіні туралы ойлануыңыз үшін келтіріп отырмын. Түпсанамыздағы барлық ақаулар компанияда болып жатқан ақауларға айны қатесіз ұқсайтынына сенімді болыңыз. Енді мұны нақты мысалдармен көрсетейін. Бірде сіз қала орталығында өте әдемі үйлену тойын көріп, бір күні сізде де осындай той болады деп өзіңізге уәде бердіңіз. Кейінірек, сіз алғашында күйеуіне риза болған, бірақ үйлену тойынан кейін әпкеңіздің, үйдегі толассыз зорлық-зомбылықтың салдарынан, кенет бақытсыз болып кеткенін көрдіңіз. Осыдан кейін сіз ер адамдарға сенбеу туралы шешім қабылдадыңыз. Енді сізде екі қарама-қарсы пікір бар. Бірі – үйлену тойы деген жақсы. Екіншісі, үйлену тойы – жаман. Ал егер болашақта сіз армандаған жігітті кездестіріп, ол сізге тұрмысқа шығуға ұсыныс айтса, ұсынысты қабылдауға толық ынтаңыз болмайды. Осы кезде сізде ішкі қайшылықтар басталады. «Қызметкерлеріңіздің» бірі: «Үйленбе, ол кейін жауыз болады» дейді. Ал тағы бір «қызметкер» сізге: «Мен осыдан екі жыл бұрын қала орталығында көрген керемет үйлену тойын қалаймын» дейді. Егер өз ойларыңызды сұрыптауды әдетке айналдырмаған болсаңыз, онда сіз таңдаған жігіттің кейін жауызға айналатынына сендіріп тұратын «жаман қызметкердің» шешімін таңдайсыз. Бастықтың қабілетті сатушыдан гөрі, қырсық заңгерді қолдағаны туралы жоғарыда келтірілген мысалдағыдай, сіз де жарқын ойды елемей, өзіңіз аңдамай жағымсыз ойды қолдайсыз.
Ендеше осы зиянды және жарқын ойлардың табиғатын жақсырақ түсінейік. Пайда болу себебін қарастырсақ, біріншісі соншалықты зиянды емес екенін түсінеміз. Олар қауіпсіздікті шынымен қалаған кезде пайда болады. Мысалдағы: «Үйленбе, әйтпесе күйеуің ұрып-соғады» деген ой, яғни команда, бізді болуы мүмкін қауіптен сақтайды. Бұл ой – сіздің қызметкеріңіз, тірі микроорганизм, ол сіздің кейінірек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, қиналғаныңызды қаламайды. Демек, сіздің түпсанаңыз сізді құрту мақсатын көздемейді. Бұл ой жәй ғана өз функциясын жанкүйер сияқты асыра орындайды және сізді болуы мүмкін қауіпке сендіре отырып, жағдайды айтарлықтай драмаға айналдырады.
Ал жарқын ойлар, керісінше, дамуға, ләззат алуға, бақытқа және жағымды сезімдерге қол жеткізуге бағытталған. Яғни, олардың да еш зияны жоқ. Жарқын ойларда қауіп немесе қауіпсіздік ұғымы ғана жоқ. Тек жеңілдікті, еркіндікті және позитивті бейнелерді қамтиды.
Пейнхантингте бұл жарқын ойлар тобын – дамыту қызметі, ал зиянды ойлар тобын – қауіпсіздік қызметі деп атаймыз. ДҚ және ҚҚ деп қысқартсақ болады.
Қауіпсіздік қызметі, дамыту қызметінен айтарлықтай ерекшеленеді. Оған тән ерекшеліктерді қарастырайық. Алдымен тағы да абстракцияланайық.
Компанияда есепшілер, заңгерлер мен күзетшілердің принципті өте қатты ұстанатындарын байқағансыз ба? Оларға әдетте икемділік жетіспейді және өте қыңыр болуы мүмкін, солай ғой? Керісінше, сату бөліміндегі жақсы менеджерлер жеңіл, икемді және тапқыр болады. Міне, тура осындай қасиеттерге қауіпсіздік қызметі мен дамыту қызметі де ие.
Егер компанияның қауіпсіздік қызметінде, дамыту қызметіне қарағанда көбірек қызметкерлер болса, онда компания әдетте дамуын тоқтатады және жұмысы тым баяу жүреді. Мысалы, ірі банктер немесе мемлекеттік органдар кейде қарапайым мәселені шеше алмай жатады, өйткені оларда қауіпсіздік ережелері аса көп және көп қызметкерлер дамуды емес, ең алдымен қауіпсіздік туралы ойлайды.
Енді түпсанаға қайта оралайық. Егер сіз бір өте сақ адамды кезіктірсеңіз, оның кейде бәріне байыппен қарайтыны соншалық, ол тіпті ақымақ істер жасай бастайтынын байқайсыз. Мысалы, егер ер адамның әйелдерден жиі көңілі қалса, оның қауіпсіздік қызметі әрбір әйелді жаман адам ретінде көреді. Егер бір жас қыздың бала кезінде көңілін қалдырған әпкелері болған болса, оның ішкі қауіпсіздік қызметі айналасында сатқындар мен сенімсіз достарды көреді.
Яғни, қауіпсіздік қызметінің маңызды қасиеттерінің бірі – ҚЫҢЫРЛЫҚ пен ПРИНЦИПКЕ БЕРІКТІГІ. Саясаткерлердің бәрі ұры немесе байлардың бәрі сараң деп отырған көлік жүргізушісін кезіктірсеңіз, бұл сөздерді оның өзі емес, қауіпсіздік қызметі айтып отыр! Сондықтан оған ренжімеңіз. Қауіпсіздік қызметі билікті өз қолына алғанда, өз компаниясының басқарма төрағасын кеңсеге кіргізбейтін қыңыр күзетшіге айналады. Сізді сырттан келген зұлым адамдардан қорғау үшін өзіңіз жалдаған күзетші, жалақыны оған беріп отырған сіз болсаңыз да, бір күні, өзіңізге қарсы шығып, қиындық туғызады! Сіздің қауіпсіздік қызметіңіз жағдайды қандай абсурдқа әкеліп соқтыратынын түсіндіңіз бе?
Дәл осындай ақаулық адекватты әйел өз баласынан қылмыскерді немесе қас жауды көре бастағанда пайда болады. Бұрын осы әйелдің өмірінде бір жағымсыз оқиға болған делік: мұғалімдер оған пәнді жақсы білмейтінін айтып, ол емтиханнан өте алмай қалады, сондықтан кейін оқу орнына да түсе алмайды. Бір күні оның баласы: «Анашым, сіз смартфонды қалай пайдалану керектігін білмейсіз бе?» деп сұрайды. Осы сәтте анасының түпсанасында «қауіпсіздік қызметінің қаруланған мамандары» тез қорғанысқа шығады. Яғни, ол баласын ұрып жіберуі мүмкін немесе ұрысып, баласы оған бұған қатысты ештеңе демесе де, өзінен-өзі топас емес екенін дәлелдеуге тырысуы мүмкін. Осылай қауіпсіздік қызметі жағдайды ушықтырады.
Жалпылау, баламалап ұқсату да қауіпсіздік қызметінің қасиеттері болып табылады. Белгілі бір адамның кесірінен зардап шеккен қауіпсіздік қызметі, енді әрбір адамда қауіпті көре бастайды. Мысалы, егер бір жас қызды 30 жасар интелегентті, ұзын бойлы, сымбатты жігіт тастап кетсе, қауіпсіздік қызметі «интелегенттінің бәрі оңбаған», «бойшаңдардың бәрі сенімсіз», «сымбатты жігіттердің бәрі қатыгез» және «30 жастағы ер адамдардың бәрі қауіпті» деген тұжырымдарды жазып алады. Осыдан көрінетіндей, қауіпсіздік қызметі туралықтан алыс. Ол тек жалпылауды және ұқсатуды біледі. Тіпті егер бір күні қыздың 30 жастағы жігіті пайда болып, ол аласа бойлы және сымбатты болмаса да, қауіпсіздік қызметі оның бойында да қауіпті көреді, өйткені жігіт 30 жаста!
Ал даму қызметінің, қауіпсіздік қызметінен айырмашылығы, біліне бермес айырмашылықтарды, ұсақ-түйек бөлшектерді анық көреді және жалпылауды ұнатпайды. Егер сіз өте бақытты адамдарды кездестірген болсаңыз, олар: «бәрі солай дейді», «барлық еркектер оңбаған» немесе «барлық әйелдер қаншық» деген сөздерді өте сирек қолданатынын байқаған боларсыз. Олар осылай айтқан күнде де, мүмкіндігінше нақтылап, шектен шығудан аулақ болуға тырысады. Мысалы, олар: «кейбір әйелдер онша мейірімді емес» немесе «әке тәрбиесін көрмей өскен ер адамдар көбіне сенімсіз болады» дейді. Олар: «ешқашан бұлай істеме», «сен өмірі кешігіп келесің», «сеннің ақымақ екеніңді бүкіл әлем біледі» немесе «сен өмірі сәтсіздікке ұшырайсың» деген тіркестерді сирек қолданады. Ал бұл тіркестердің барлығында да баламалап ұқсату бар екені анық. Адам бір рет қателесті, ал оның байғұс досы енді оған өмірі қателесіп жүретінін айтады. Бақытсыз адам біреуден досы туралы жағымсыз сөз естіп, оған: «Сені бүкіл әлем жамандап айтып жүр» дейді. Бақытты адам мұндай жағдайларда мәліметті асыра сілтемей, өте тура жеткізеді немесе бұл туралы мүлдем айтпайды да.
Кейбір адамдар «теңестіру, сәйкестендіру» дегенді дұрыс түсінбейді. Сондықтан мен бұл ұғымды аздап түсіндіргім келеді. Теңестіру не сәйкестендіру деген – белгілерді есепке алу, мәнін анықтау немесе бір фактілер тобын басқаларымен салыстыру арқылы сәйкестікті орнату. Мысал келтірейін: бір әйел Африкада болғанда безгекпен ауырып қалады. Осы кезде түпсана мынадай теңестіруді жазып алды: «Африка = безгек», немесе «Африкаға барлық сапарлар безгекпен аяқталады». Яғни, бір ғана жағдай әсіреленіп, жалпыланып, осыдан қате теңестіру пайда болады. Безгек – мың белгілердің бірі ғана. Бірақ енді түпсана Африканы тек безгекпен ғана сәйкестендіріп тұр. Немесе безгекті тек Африкамен теңейді.
Мысалы, ата-анаңыз сіз ән айтып, би билегенде сізге ұрысатын болған болса, сіздің санаңызда «Қуаныш = азап шегу» немесе «қуаныш = жаза» деген ақымақ теңдік жазылады. Міне, қате теңеу деген осы. Ал болашақта достарыңыз сізді дискотекаға шақырғанда, би кезінде немесе оның алдында, қауіпсіздік қызметі қате теңестіргендіктен, бір түсініксіз қорқыныш пен ауырсынуды сезінесіз.
Немесе егер бала туылған күні жақын адамынан айырылған болса, түпсана «туған күн = жақын адамынан айырылу» теңдігін жазады, сондықтан ол туған күнін жек көреді, сол күнді тойламай, ешкіммен араласпай оқшауланады. Туған күнінде ол жан дүниесінде түсініксіз азапты бастан кешіреді.
Ал пейнхантингтің көмегімен біз осы қате теңеулерді іздеп тауып, оларды жоямыз. Ең бастысы, теңестіру – дамыту қызметінің емес, қауіпсіздік қызметінің жұмысы екенін түсінуіңіз керек. Басқаша айтқанда, егер адам мұндай теңестіруге жүгінсе, оның қандай да бір жанға батқан ауруы бар екені сөзсіз, өйткені қауіпсіздік қызметі тек қауіп пен ауырсынудың «иісін сезгенде» ғана іске қосылады.
«Ұрып-соққаны – жақсы көргені» деген пікірдің кең таралуының басты себебі де осында. Мұндай адамда бір кездері бұрыс теңеу болған. Бала кезінде әкесі оны не елемеген, не ұрып-соққан. Үшіншісі болмаған. Яғни, әкесі оған ешқашан жылулық танытып, көңіл бөлмеген. Сондықтан да, әкесі оны ұрғанда, бала бұны сүйіспеншіліктің көрінісі деп ойлаған. Енді балаға әкесінің оны елемегенінен гөрі, ұрғаны ұнайтындықтан, ол «ұру = сүйіспеншілік» немесе «зорлық = махаббат» деген ақымақ тұжырымды жазып алады. Ол ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық сүйіспеншіліктің белгісі деген пікірмен өмір сүретін болады.
Ал енді эмоциялар әлемін еске түсірейік. Алдыңғы тарауларда біз «бейтараптық» деген деңгейі бар эмоциялар шкаласын қарастырдық. Енді сіз бұл бейтараптықтан жоғары, негізінен, дамыту қызметі жұмыс істейтінін есте сақтауыңыз керек. Егер адамның эмоциясы осы деңгейден төмен болса, онда оның қауіпсіздік қызметі белсенді жұмыс істейді.
Басқаша айтқанда, барлық жағымсыз эмоциялар қауіпсіздік қызметіне тән. Позитивті және бейтарап эмоциялар дамыту қызметіне ғана тән. Енді қауіпсіздік пен дамыту қызметтері туралы осы теорияны оқығаннан кейін, кейбіреулеріңіз: «Қауіпсіздік қызметі пайдалы ғой. Ол бізді қауіп-қатерден қорғайтын болса, оған неге тиісу керек?» деп ойлаған боларсыздар.
Сондықтан, бұл жерде тағы да нақтылап айтуым керек жайт – қауіпсіздік қызметінің проблемасы, оның барлық командаларды асырып, тым турашылдықпен орындауында және кейде жақсы мен жаманды шатастыратындығында болып тұр. Қауіпсіздік қызметі тек ақ пен қараны көреді, басқа көптеген түстер мен реңктерді ажыратпайды.
Егер адамды оның қауіпсіздік қызметі тым көп басқаратын болса, ол не қылмыскерге, не суицид жасаушыға, не психикалық науқасқа айналады. Қауіпсіздік қызметінің ықпалы аз болса, адам өнерлі, көңілді де жайдарлы, бақытты, табанды да жауапты болады. Сонымен қатар ол сақ әрі қырағы болады, бірақ бұл сақтықты ақымақ қауіпсіздік қызметі емес, ақылдырақ дамыту қызметі басқарады. Сондықтан, егер ол болашақта сұр қасқырдан қорқатын болса, ол сұр пальто, сұр ит пен сұр көліктен емес, сұр қасқырдың өзінен қорқатын болады, түсінесіз бе?
Бақытқа қол жеткізгіңіз келсе, мұрныңыздың дәл алдында тұрған осы бақытты көрсеңіз болғаны. Егер сіз оны көрмесеңіз, оның жалғыз себебі – сіздің қауіпсіздік қызмет тобыңыз. Дәл осы топ сізді бақытсыз, ақымақ және соқыр етеді. Сізге қауіп төніп тұрғанын сыбырлап, бақытты болуыңызға жол бермейтін де сол.
Бақыт Тибетте емес. Бақыт басқа елде емес. Бақыт басқа адамда емес. Бақыт басқа әрекеттерде емес. Өз пәтеріңізде тұрып, дәретхана тазалап жүрсеңіз де шынайы бақытты бола аласыз, тек ол үшін түпсансңызда қауіпсіздік қызметін тоқтату керек. Егер қауіпсіздік қызметі бар қуатымен жұмыс істеп тұрса, сіз ең керемет адаммен бірге болсаңыз да, әлемдегі ең жақсы қонақ үйде тұрып, ең жақсы мейрамханада тамақтансаңыз да, бақытсыз боласыз.
Сонда осы зиянды қауіпсіздік қызметімен не істеу керек? Оның зиянды әсерін қалай жоюға болады?
Жауабы қарапайым – онымен жұмыс жасай білу керек. Келіссөздер жүргізіп, қарым-қатынас жасай отыра, оны ақылдырақ етіп, осылайша бірте-бірте одан билікті алып, оны дамыту қызметіне тапсыру керек. Біз дәл осы істермен айналысатын боламыз. Осы әдісті қолдана отырып біз сізді бақыттырақ, күштірек және дана етеміз.
Енді үшінші векторға көшейік. Бұл – біздің есте қалған бейнелеріміз.