Талшын: Амансыңдар ма, қарақтарым?… Уһ, біз де жеттік әйтеуір.
Сыртқы киімдерін шеше бастайды.
Қайсар: Өздеріңіздер де амансызар ма… Маратты таптыңыздр ма?
Байырза: Таптық қой. Жаман немені әйтеуір алдап-сулап әзер көндірдік.
Талшын: Тұқымына тартпасын ба, қырсықтығы – тура мына шалдың тап өзі.
Баймырза: Жә, болды, енді, балалардың көзінше…
Талшын: Мына күн де бүгін құтырып кеткен екен. Көшеде аяз жаланып тұр. Уф-ф!… Үсіп қалдым ғой, жүдә…
Баймырза: Оның рас. Алматыда, жалпы, қыс бүйтіп ерте түспейтін. Дегенмен желтоқсан деген де бір ызғарлы ай ғой. (Қайсарға) Айтпақшы, әлгі Ақмарал балам қайда?…
Қайсар: (күмілжіңкіреп, иегінің ұшымен зал бөлмесін құпиялай нұсқап) Анда… Кешіріңіздер, ол нетіп… қиналып жатыр.
Талшын: (ернін сылп еткізіп) Нетіп?!… Неткен деген неменесі еді, жаным-ау?
Қайсар: (ақыры шындықты айтуға бел буып) Ол толғатып жатыр…
Талшын: Ойбай, бетім-м!.. Мына бала не дейд тағы?! Толғағы несі?..
Қайсар: (батылданып) Апа, мен шын айтып тұрмын.
Талшын: Ойбай-ау, о бала екіқабат па еді? Мана осы сыптай еді ғой.
Баймырза: Түһ, мына кемпірдің мылжыңын-ай. Енді осы Қайсаржан сенен алдап бірдеңе алғалы тұр деп пе едің. (Иегімен қонақ бөлмесін нұсқап) Одан да барып… былай… көмектессеңші.
Бөлмеден Ақмаралдың «Мама!..» деп, шыңғырып қалған үрейлі, оқыс үні естіледі де, артынша тым-тырыс тына қалады.
Талшын: (абыр-сабыр болып) Ойбай, бетім-ау, мынау шынымен-ақ толғатып жатыр ғой. Енді қайттім?!
Бөлмеге еніп кетеді.
Өйбөй, балам-ай… Кәне-кәне, кішкене шыда, жаным… Қазір-қазір… Бәкесі-ау, ана шәугімге жылы су құйып, есіктің алдына әкеп қойыңдар, өзім барып алам. Сонан соң ана легенді де сол жерге… Тездетіңдер!…
Баймырза: (коридордан) Қазір-қазір…
Баймырза мен Қайсар бірі пластмасса легенді іздеп, бірі шәугімге су құйып, абыр-сабыр болады да қалады бір сәтке. Осы кезде шар ете қалған сәби даусы естіледі.
Талшын: (бөлмеден) Е, Алла, бере гөр тілегімді!.. Әйтеуір аман босанды-ау бейшара!.. Өй, тырбаңдаған күшік!..
Әй, жаңағы шәугім мен легенді айтқан жерге әкеп қойдыңдар ма?..
Қайсар: (коридордан дауыстап) Әкелдік, апа, сол өзіңіздің айтқан жеріңізде тұр.
Талшын: (бөлмеден) Е-е, онда болды…
Бөлмеден тағы да шырылдай жылаған сәби үні келеді құлаққа.
Қайсар: (күліп Баймырзаға) Аға, мына балаңыз шатақ болады-ау деймін. Өзінің даусы зор, ә?!
Баймырза: Аллатағаланың бергеніне тәуба дейік, қарағым. Тіпті сол шатақ болса, шатақ болғаны да дұрыс шығар. Осы қазақтың иіс алмас момын болғандағы шыққан биігі қайсы?!..
Қайсар: Осы пікіріңізге мен де қосылам, аға. Әбден қорқа-қорқа қоян болып болдық қой. Біз де тым болмаса адам болып, бір серпілейікші!..
Баймырза: Шынымды айтайын саған, Қайсаржан, – әлгі кемпір жоқ қой қасымызда, – нансаң, кешеден бері менің кеудем недәуір өсіп қалды. Бар екен ғой – сендердей ержүрек ұл-қыздарым! Тек мұнымды жаратқан асылық көрмесін… (Сонан соң Қайсарға сыбырлап) Қайсаржан, енді бір майдан есік алдына таза ауаға шығып келсек қайтеді, а?! (Иегінің ұшымен бөлме жақты ымдап) Кішкене ана жақтағы абыр-сабыр басылғанша…
Қайсар: Жақсы, аға…
Екеуі шығар есікті жаймен ғана сыртынан жауып, көшеге шыға бергенде, подъезден, тап алдарынан Тимур Қалдыбаевич жолығады. Қасында – қызыл жағалы форма киген миллиционер мен жазалаушы отрядтың екі солдаты.
Тимур Қалдыбаевич. (Қасындағыларға бұйрықты үнмен.) Осы! Ұстаңдар!…
Миллиционер мен екі солдат дереу Қайсарға жабыла кетіп, оның қолдарын артына қайырып, басын төмен қарай тұқыртпақ болады.
Баймырза. Қап! Апыр-ау, өлтіресіңдер ме, біреудің қарғадай баласын! Байқасаңдаршы!..
Тимур Қалдыбаевич. Әй, шал, аузыңды жап! Әйтпесе саған да амал табылады.
Қайсар. (Баймырзаға бұрылып.) Аға, қайтесіз осыларға сөзіңізді шығын қылып.
Қайғыртпайды қолға кісен салғаны,
Қайғыртпайды абақтыға жапқаны,
Бәрінен де батады екен жаныңа
Өз аулыңның иті келіп қапқаны.
Тимур Қалдыбаевич. Өшір үніңді, сілімтік!.. Абақтының қалай болатынын көресің әлі. Әкетіңдер!..
Қайсарды алып кетеді. Тимур қалдыбаевич те солардың ізіне ереді. Баймырза олардан көз алмаған күйі бір орнында қақшиып қатып қалады.
Талшын: (бөлмеден дауыстап) Әй, шал-ау, сүйінші!… Мына жылбысқы неме, ұл-ай, ұл!… Не ғып үндемей қалдың? Қартайдың, тоқал алмасам болмас деп, маған қожыраңдағанда жақсы едің, өзіңнің де құлағың нашар еститін болған ба, жазған…
Тағы қысқы көшенің зыңылдап қатып қалған сүр қарын дүбірлетіп, жүгіріп өткен жазалаушы отряд солдаттарының етіктерінің дүсірі, түнгі әуені тіліп өткен ащы ысқырықтар, абыр-сабыр, үзік-үзік алқынған дауыстар, овчаркалардың жанталаса абалай үрген үндері естіледі. Бірте-бірте бұл ызы-қуыт, үрейлі дауыстарды Баймырзаның пәтерінде осыдан санаулы минуттар бұрын ғана дүниеге келген іңгәлаған сәби үні баса береді. Ол осы бір қат-қабат тарихи, саяси оқиғаларға толы қысылтаяң кезге еш мән берместен, өзінің өмірге келгенін мына айдай әлемге жасқанбай жариялап жатыр…
Іләйім, оның алдынан ақ күн туғай!…
Шымылдық
e-mail: serik051@mail.ru