bannerbannerbanner
полная версияКүзгі романс

Серік Асылбекұлы
Күзгі романс

Полная версия

Сюзанна. Дегенмен бала ғой…

Сайлау. Түу, сен де бір!.. Енді маған не қыл дейсің? Бәлкім, онда мына менің асылып өлуім керек шығар? Әлде өзімді өз үйімнен қуып шыққан әйелдің аяғына жығылып, біржолата масқара болуым керек пе? Айтшы енді өзің?!

Сюзанна. Кешір… Нансаң, дәл қазір мен ештеңе түсіне алар емеспін.

Осы кезде телефонның қоңырауы шылдырлап қоя берді.

Алшы трубканы…

Сайлау. Алло… Алло!.. Сізге кім керек?…

Телефон байланысының арғы жағынан қыз баланың дауысы естіледі.

Телефондағы дауыс. Папа, бұл мен ғой, танымай қалдың ба?

Сайлау. Сәуле?!. Сәулеш, сен бұл үйдің телефон номерін қайдан алып жүрсің?

Телефондағы дауыс. Сенің ескі блокнотыңнан… Үйге қалдырып кетіпсің… Тумбочканың үстінде жатыр екен. Кабинеттегі…

Сайлау. Так-так!..

Телефондағы дауыс. Ну, сонан соң звонить етіп отырмын. Пап, ренжімеші, жарай ма?

Сайлау. Жарайды-жарайды… Так, айта бер.

Телефондағы дауыс. Айтсам, мамам қатты ауырып қалды. Жаңа «скорыймен» алып кетті. Давлениесі 180 болып кетіпті.

Сайлау. Оның давлениесі бұрыннан да сондай жоғары болатын. Қорықпа, дәрігерлер укол салған соң, қалпына келеді.

Телефондағы дауыс. Пап, почему ты такой ко всему абсолютно равнодушный!.. Мен айтып тұрмын ғой саған – 180 болып кетті деп. Сенбеймісің?.. И, вообще, если хочешь знать, менің де жан дүнием біртүрлі болып тұр: в душе как-то тревожно. А Арман заперся в своей комнате: есікті жауып алып, ешкімді кіргізбейді. Папа, приходи скорее, а?! Правда ведь, ты же нас любишь?

Сайлау. Вас – да. Ал шешеңді… Шешең екеуміз бір-бірімізді иттің етінен әрмен жек көреміз. Ол өтірік ауырып жатыр. Бір-екі сағаттан кейін түк болмағандай жазылып кетеді. Білем ғой мен оның жайын!.. Ал Арман екеуіңмен біз басқа жерде кездесіп тұратын боламыз. Нейтральное поледе. Мен сендерді бұрынғыдай театрдағы жаңа спектакльдерге апарып тұратын болам. Бұрынғыдай спектакль біткен соң оны үшеуіміз бірігіп талқылаймыз. Так что, Сәулешка, ештеңені уайымдама. Енді мен ол үйге оралмаймын. Арманға да осылай түсіндіріп айт. Түсінемісің – шешең екеуміздің арамыз әлдеқашан суысқан. Бүгін ол мені үйден қуып шықты! В буквальном смысле этого слова!.. Енді ұқтың ба?

Телефондағы дауыс. (Жыламсырап). Пап?!.

Сюзанна бұдан әріге шыдай алмай, орнынан ұшып тұрып, трубканы Сайлаудың қолынан жұлып алады.

Сюзанна. Сәулешка, жылама. Қазір папаң барады.

Телефондағы дауыс. Бұл кім? А-а, это вы, тетя Сюзанна? Тетя Сюзанна, вы уж меня извините, ято так получилось.

Сюзанна. Ничего, детка. В жизни всякое бывает. Ал, жақсы, әзірше…

Телефондағы дауыс. Сау болыңыз…

Сюзанна телефонның трубкасын тұғырына қойып, жанында самсоз болып тұрып қалған Сайлауға бұрылады.

Сюзанна. Сайлау, үйіңе бар. Баршы, өтінем…

Сайлау. (Сазарып). Мен ешқайда да бармаймын.

Сюзанна. Өтінем.

Сайлау. Ешқайда да бармаймын дедім ғой.

Сюзанна. Осы жолы баруың керек. Егер мені сыйлайтының рас болса…

Сайлау. (Екі ойлы, дүдәмал үнмен). Сен де мені қуайын дедің бе?

Сюзанна. Сондай бос сөздердің не қажеті бар? Баршы енді.

Сайлау солбырайып есікке бет алады. Сюзанна оның киімілгіште ілулі тұрған плащын алып киіндіре бастайды.

Жарайды, бара ғой, жаным!..

Сайлау. Мен бәрібір онымен тұрмаймын. Мен бәрібір өзіңе қайтып келем.

Сюзанна. (Өп-өтірік көңілденіп). Әрине! Келмей көр осыдан!.. Ал жарайды енді, жолың болсын…

Сайлау кетеді. Сюзанна кіре берісте сам-соз боп, біреу сол жерге шегелеп кеткендей бірер минут қақшиып қалады. Сонан соң өзінен-өзі бірдеңелерді күбірлеген күйі екі қолын кеудесіне айқастырып, дәлізді әрі-бері мақсатсыз кезіп кетеді.

Бәрі кетті. Фарс аяқталды. Тағы да мен байғұс жападан жалғыз қалдым. Түк түсінсем, бұйырмасын. Маған келгенде дүниенің осылайша кері кететіні несі?! Жазығым не, Жасаған-ау?! Мені неғып осылайша жұрттан оқшау етіп жараттың?! Өзің айтшы шындығын, мен жұрттың бәрін түсінуге тырыстым ғой! Өмір бойы солардың қас пен қабақтарына қарап, жалпақтаумен келем. Ал олар болса… Олар болса, маған дегенде құлақтарын мақтамен тығып алғандай саңырау!.. Жасаған, мені де неге солардай саңырау етіп жаратпадың?! Бәлкім, бақыт дегенің өзі сол саңыраулық шығар?! (Даусын көтеріп, айқайлап жібереді). О. Адамдар, екі аяқты пенделер, естимісіңдер мені?! Әне, айттым ғой, ешкім де естімейді, тіпті естігісі де келмейді! Тағы да бәрі құлақтарына мақта тығып алғандай жым-жырт… Енді не істеймін, енді не істеймін?! Қайда барып күн көрем?!.

Сюзанна алқына басып, асханаға келеді. Манағы бөтелкенің түбінде қалған шарапты бос бокалдардың біріне шүмпілдете құяды да, тартып салады. Сонан соң орындыққа отырып, үстел үстінде жатқан қораптан бір тал шылым алып, саусағы дір-дір етіп, сіріңкемен темекі тұтатады да, артына бұрылып, ту сыртындағы шкафтың сөресінде тұрған магнитофонның іске қосу тетігін басып қалады. Іле-шала магнитофоннан Пугачеваның оның сүйікті әні «Күзгі сүйіс» сыңсып қоя береді. Темекінің көк түтініне оранған Сюзанна көзінен жас шұбырған күйі ен-түнсіз қалған.

Электротаблода: «Бұл сайтан алғыр дүние құрыса құрып-ақ кетсінші, тек онымен бірге музыканың жоғалып кететіні өкінішті. Л.Н.Толстой» деген ірі әріптермен бедерленген жазу пайда болады. Сахна төріндегі экраннан жапырақтары төгілген күзгі сары ала бақты кешіп, қол ұстасқан күйлері алыс көкжиекті бетке алып кетіп бара жатқан орта жастағы ер мен әйелдің силуэті көрінеді.

Музыка үні бірте-бірте бөлмені кернеп, үдей түседі.

Шымылдық

e-mail: serik051@mail.ru

Рейтинг@Mail.ru