Тұрсын, бәлкім, сен: «Достым-ау, сонда сені алып бара жатқан не күйік, қандай шер, айтшы!..» дерсің. Айтайын, айт десең. Мені пұшайман қылып отырған біздің ауылдағы баяғы өзің білетін Ниетәлінің көзкөрекі зорлығы. Қазір ол бір кездегідей совхоздың кеңсесінде қағаз кеміріп отырған көп бухгалтердің бірі емес, білдей бір серіктестіктің бастығы. Еш қарсылығым жоқ, болсын бастық, ол болмаса, әйтеуір басқа біреу болады ғой. Бірақ бұл бір тойымсыз нағыз жебір болып шықты. Тал түсте тірідей тонайды сыпайылап. Еткен еңбегіңді еш, тұзыңды сор қылып, бар күшіңді сығып алады да, өтеуіне болмашы тиын-тебен ұсынады. Жарайт, сонысын-ақ қанағат тұтайын десең, оған жан баға алмайсың. Өзің білесің, менде шиеттей бала-шаға ғой. Сонан соң әділдік талап етіп, жағаласпаймын ба баяғы. Бірақ айналамдағылар мыңқ етпейді, бәрі соның құлдығына көндігіп алған. Бәрі де «басекеизм» деген бір ауруға шалдыққан, Ниетәлі түшкіріп қалса: «Сау бол, сабазым!..» деп, құлдық ұруды ғана біледі. Құдай, Әділет, Шындық дегендермен шаруалары жоқ. Білмеймін бәріне бірдей не болғанын, бұл да жұқпалы індеттің бірі-ау деймін.
Тұрсынжан, айтпақшы, өзімнің жайымды қазбалап, сенің жағдайыңды сұрауды ұмытып кетіппін ғой. Ана жақта, – о дүниеде дегенім ғой, – қалай екен өзі? Көңіл-күйің жақсы ма? Хор қыздары жаныңа келіп тұра ма сызылып? Бәрің Эдем бағында армансыз қыдыратын шығарсыңдар, ә? Онда сылдырап аққан мөлдір бұлақтар да, уылжып піскен жеміс-жидектердің түр-түрі де жеткілікті болатын болар. Кейін түбінде мен де сол жаққа барам ғой, қасыңнан бір орын алып қоярсың мына жаман досыңа. Ең болмаса, бұ дүниеде көрмеген қызығымды, сол жаққа барып көрейін.
Тұрсын, кешір, мен әрнәрсені бір айтам деп, саған ең басты жаңалықты айтуды ұмытып кетіппін ғой. Қызық болғанда, сен ана жаққа – о дүниеге – аттанып кеткеннен кейін бес-алты айдан соң тура соны күтіп тұрғандай-ақ Совет Одағы күрс етіп құлады ғой. Оның орнына он бес тәуелсіз мемлекет құрылды. Білем, білем, сен қазір: «Көмеке, сен ондай қалжыңыңды қойсаңшы, ол мүмкін емес қой» деп, сенбей тұрсың маған. Сенің орныңда мен болсам, осыған мен де сенбес едім.
Анау Алматыдағы ма, Астанадағы ма, есімде жоқ, бір дәу жазушы айтыпты ғой: «Япыр-ай, мұндай да болады екен ғой! Мен бұрын мына жарықтық Алатау құласа құлар, бірақ Совет Одағы деген мына қызыл монстр ешқашан мызғымас деп ойлаушы едім. Сөйтсем, Алладан пәрмен келсе, болмайтын нәрсе бола салады екен ғой» деп. Сондықтан мен саған дәл қазір қалжыңдап тұрғам жоқ, айдай ақиқатты жайып салып отырмын өзіңе.
Осылардың бәрін неге саған тәптіштеп жатқанымды түсініп отырған шығарсың. Сен: «Шіркін, Совет Одағы тарап, оның орнына тәуелсіз Қазақ мемлекеті орнаса» деп армандайтын едің ғой жас күнімізде. Біз сені мазақтап күлетінбіз, «Болатын нәрсені армандасаңшы ең болмаса» деп. Міне, Құдай аузыңа салған екен, сенің сол арманың орындалды. Ал мен саған қазіргі өз армандарымды айтайын ба? Рас, менің арманым сенікіне қарағанда қораштау. Ол – Ниетәлі қу «Ақбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлығынан бұрынғы Совет Одағы секілді гүрс етіп құлап түссе деген бір тілек. Нансаң, дәл қазір осы дүниеде содан басқа түк арманым жоқ.
Тұрсын, біздің ауылдағы Александр, Константин Эрлихтарды жақсы білесің ғой. Олар 1993 жылы өздерінің тарихи Отандарына – Германияға көшіп кетті. Өткен жылы екеуі де демалысқа әйел, бала-шағаларымен біздің ауылға келіп кетті. Бәріміз кезектесіп қонақ қылдық. Біраз «гәплештік». Жағдайлары керемет құсайды. Саша бір заводта механик, Костя Мюнхендегі бір дәу ресторанның шеф-повары болып жұмыс істеп жатыр екен. Айлықтары 2-3 мың евроның маңайында секілді. Қысқасы, ішкендері – алдында, ішпегендері – артында астатөк өмір сүруде көрінеді. Жыл сайын демалыстарында бала-шағаларымен круизге шығады екен. Европа мен Азияны былай қойғанда, Африкада да, Америкада да, тіпті ана папуас тайпалары мекен ететін қайсы ел еді, ұмытпасам, Жаңа Гвинея ғой деймін, соған дейін барып қайтыпты. Ал менің жүрісім мынау, басқаны былай қойғанда, ішер ас, киер киімге жарымай. Сондықтан кейде өзімнің көндімбай ауылдастарыма ерегіскенде менің де сол Германияға көшіп кеткім келеді. Бірақ солярка сасыған жаман тракторшы қазақты олар қайтсін, ең болмаса, олардың тілін де білмеймін.
Досым, сен, бәлкім, менің бұл ойыммен келіспейтін де шығарсың. «Кісі есігінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол, Көмеке. Ондай теріс пиғылдан тыйыл дерсің». Өйткені мектепте оқып жүргенде сен бәрімізден де гөрі патриот едің ғой. Бірақ, өзің айтшы енді, қашанғы сол Ниетәлі «сыболыштың» ұлтаны бола беруге болады, мен де адам баласымын ғой.
Жарайт, сенің мазаңды ала бермей әңгімені осы жерден доғарайын. Сенімен сырласамын деп өзім де біраз ашылып сайраған секілдімін. Уһ, дегенмен шерімді тарқатқан соң, үстімнен біраз жүк түскендей, кәдімгідей жеңілейіп қалдым-әй!.. Әзірше қош болып тұр, достым. Айтпақшы, қасыңнан маған бір орын алып қоюды ұмытпа.
Тұрсын, есіңде ме, баяғыда оныншы оқып жүрген кезімізде менің біздің кластағы ең сұлу, ең ақылды қыз Бақытгүлге ғашық болғаным. Әй, со қызды өте жақсы көріп едім, шынымды айтсам, кейін мен ешкімге дәл сол бойжеткенді сүйгендей өліп-өшіп ынтыққан емеспін. Алайда, өкінішке қарай, Бақытгүл мектеп бітірген соң Алматыдағы мединститутқа оқуға түсіп кетіп, менің оған қолым жетпей қалды ғой.
Қазір қарап отырсам менің өмірімнің бар мәні мен мағынасы мектептегі кештерде "Дунай толқындары" деген вальске ырғалып, сол Бақытгүлмен үш-төрт рет би билеген сәттеріме сыйып кетеді екен. Әлі күнге дейін өткенімді еске алсам, ең алдымен көз алдыма көлбеңдеп сол бір аяулы, бақытты кездерім оралады. Айтшы өзің, Бақытгүл сұмдық әдемі ғана емес, керемет қылықты да еді ғой. Беттерінің ұштары шұқырайып, ішіңді өртеп үнсіз ғана жымиятыны қандай еді, шіркін!
Эй, была не была! Маэстро.
Қосшы музыкаңды! Тамылжытшы, құйқылжытшы "Дунай толқындарын"!… Біз, Бақытгүл екеуміз, бақыттан басымыз айналып тағы бір шыр көбелек айналып, шарықтайық осы бір таңғажайып вальске! Кәне, кәне!…
Осы сәтте тап бір Көмекбайдың бұйрығын күтіп тұрғандай-ақ сахнаны "Дунай толқындарының" құйқылжыған әуені керней жөнеледі. Көмекбай орнынан тәлтіректеп тұрып, әуелі жан-жағына алақтап, сәл-пәл тұрады да, кенеттен қасындағы күбіне жерден еппен көтеріп алып, тап бір сүйікті Бақтыгүлін құшағына алғандай-ақ вальс екпінімен ырғала бастайды.
Қимылынан оның биден де қаражаяу емес екені байқалады. Көмекбай өзін тура бір салтанатты балдың би алаңында жүргендей мәдениетті, сырбаз ұстайды. Біраздан соң музыка үні бірте-бірте саябырсып барып, мүлде өшеді. Көмекбай "уһ" деп алақанының сыртымен маңдай терін бір сүртіп тастап, өзінің орнына барып қайта жайғасады.
Көмекбай күбімен «қоштасып», дастарханның басына келіп, тізе бүгеді. Сонан соң екі жүз елулік қырлы стаканды қолға алып, оның ішіндегі мөлдір сұйықтықты қылқылдатып жұта бастайды. Стаканды құрғатқан соң, «дастарханнан» бір құртты алып, таңдайына басады да, орнынан қайта тұрып, төңірекке көз салады. Қарабарқын аспан төрінен жыпырлаған жұлдыздар мен ай көрінеді.
Көмекбай. Пай-пай, мына жақтан сызылып ай туыпты ғой. Ассалаумағалейкүм, жарықтық жаңа ай, жарық ай!.. Амансың ба, арудай ақ мүсіндім!.. Жаңа түскен келіншектей сызыла қалуын қарашы өзінің!..
Дәл осы сәтте Көмекбай манадан бері мекен еткен сарайдың төбесіне қарай сатымен көтеріліп келе жатқан Рыстының даусы кешкі ауаны жарып, саңқылдап қоя береді. Оқыс шыққан үннен шошып кеткен Көмекбай селк ете түсіп, жалма-жан дауыс шыққан жаққа жалт қарайды.
Рысты. Әй, аймен амандасып болсаң, енді төмен түс. Сені полицей іздеп келіп тұр. О, тоба, өстіп жүріп бір күні алжиды бұл әлі. «Крышасы» кетіп қалғаннан сау ма өзінің? Бол, түс төменге!
Көмекбай. (Шошып кетіп). Қайдағы полицей?!
Рысты. Осы ауылдың учаскелік полицейі де. Сары жездемнің үлкен ұлы.
Көмекбай. Оның менде несі бар?
Рысты. Ниетәлі: «Көмекбай мені боқтады, әкемнен, шешемнен түк қалдырмады» деп, үстіңнен арыз түсіріпті. Мына ұл сені сол үшін қазір кеңсесіне апарып тергемекші. Бол енді, тездетіп түс жерге.
Бір жарты араққа едәуір қызып қалған Көмекбай денесін әзер көтеріп, сатымен жерге түседі. Сонан соң әйелі Рысты мен оның жанындағы учаскелік полиция инспекторына бейне басқа бір планеталықтарды көріп тұрғандай көздерін ежірейтіп, таңдана қарайды.
Көмекбай. (Тілі күрметіліңкіреп). Ал…
Учаскелік полиция инспекторы. Қазір менімен бірге бөлімшеге жүресіз. Сіздің үстіңізден арыз түсті.
Көмекбай. Ол не деген арыз?
Учаскелік полицей. Сіз азамат Ниетәлі Сыздықовқа тіл тигізіпсіз, оған қоқан-лоққы жасапсыз.
Көмекбай. Рас, мен сенің азамат Сыздықовыңды боқтадым, онда тұрған не бар? Боқтамайтындай ол бір әулие ме еді? Оның бүткіл істеп жүрген істері соған лайық.
Учаскелік полицей. Жүріңіз кеңсеге, түсініктеме жазасыз. Қалған мәселені сонда барған соң баяндайсыз.
Көмекбай. Мен ешқайда бармаймын және ештеңені де баяндамаймын саған. Сондай-ақ сен кімсің өзі маған әмір беретін?!
Учаскелік полицей. Онда мен сізді күштеп апаруға мәжбүр боламын.
Учаскелік полицей Көмекбайды қолтығынан ұстап, есікке қарай дырылдатып сүйрей ала жөнеледі.
Көмекбай. Әй, мынау қайтеді-әй?! Қазір мен саған әлімжеттік жасағанды көрсетем. Өй, боқмұрын!..
Рысты. Әй, аузыңды жап! Үкімет адамына тіл тигізем деп сотталып кетерсің байғұс!.. Ана сала құлаш тіліңе ие бол!..
Көмекбай. (Артына, Рыстыға бұрылып) Кім үкімет адамы, мынау ма? Онда жетіскен екенбіз.
Рысты. Бар, бар. Түсініктеме жаз десе, жаз. Қызбаланып, байқамай қалыппын де. Әлгі Ниетәліден кешірім сұрай сал. Содан хандығыңнан түсіп қалмассың.
Көмекбай. Нитеәліден кешірім сұра?! Өліп қалсам да кешірім сұрамаймын мен. Кешірім сұра дейді ғой маған «еще» бұлар!..
Сәлден соң Көмекбай мен учаскелік полицей бірін бірі сүйрелеп, көшеге шығады. Олар кеткеннен кейін ауланың іші ештеңе болмағандай тым-тырыс тына қалады. Күйеуі мен полицейді көзімен ұзатып салып тұрған сарайдың жанындағы Рысты да сам-соз.
№ 5 көрініс
Учаскелік полиция инспекторының кеңсесі. Абажадай жұпынылау бөлмеде жазу үстелі мен үш-төрт орындықтан, киімілгіш шкафтан, бұрыштағы дәу темір сейфтен, көнетоз, арзанқол диваннан өзге дүние-мүлік көрінбейді. Полицей мен Көмекбай жазу үстелінің жанында біріне бірі қарама-қарсы жайғасқан.
Учаскелік полицей. (Қағазы мен қаламын сайлап). Ал, айта беріңіз, құлағым сізде.
Көмекбай. Нені айтам?
Учаскелік полицей. Азамат Ниетәлі Сыздықовты боқтағаныңыз рас қой.
Көмекбай. Ал, рас, сонда не істемекшісіңдер маған?
Учаскелік полицей. Мен сіздің бүгінгі Ниетәлі Сыздықовқа қатысты іс-әрекетіңіздің бәрін қағазға түсірем. Соңынан сіз менің сол жазғандарымды растап, астына қол қоясыз.
Көмекбай. Ал қол қоймасам ше?
Учаскелік полицей. Қоясыз, қоясыз!..
Түсініктеме. Мен, «Қайрақты ауылының 1969 жылдың 25 тамызында туған тұрғыны Көмекбай Қуанұлы Жаңбырбаев 2012 жылдың 1 қазанында «Ақбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ниетәлі Көпболсыновтың, яғни, үкімет адамының әкесін боқтап, оған әжептәуір тіл тигіздім.
Көмекбай. Әй, сеніңше, Ниетәлі арам үкімет адамы ма сонда? Онда мына біз кім боламыз, хұкімет адамы боламыз ба? Әлде күресінге лақтырылған тастандылармыз ба?! Сонда, сендерше, жемқорлар үкімет адамы болады да, біз сияқты адал еңбегімен күн көріп жүрген момын бейшаралар хұкімет адамы болады екен ғой, ә?! Солай ма?!
Учаскелік полицей. Сөзді бөлмеңіз. Мен, яғни мемлекеттік, құқық қорғау қызметінің өкілі жұмыс істеп жатқан кезде сіз оған кедергі келтірмеуге тиістісіз. Так.. сонан соң ауылдық азық-түлік дүкеніне барып, бір шиша арақ сатып алып, оны бірге бөлісіп ішу үшін адам, яғни өзіме бөтелкелес іздей бастадым.
Көмекбай. (Орнынан атып тұрып). Әй, сен мұның бәрін қайдан білесің? Әлде мені күні бойы сыртымнан аңдып жүрдің бе?
Учаскелік полицей. (Жекіңкіреп) Отырыңыз!.. Қазір сіз өз үйіңіздің төрінде емес, мемлекеттік құқық қорғау мекемесінің кеңсесіндесіз. Так, қай жерге келіп едік? Иә, өзіме бөтелкелес іздей бастадым. Бірақ ауылдастарым Ермек Шынарбаев та, Әлайдар Жетесов та менімен бөтелкелес болудан бас тартты. Сонан соң…
Көмекбай. Айттым ғой, бұл мені күні бойы аңдыған деп. Ниетәлі «сыболыш» аңдытып қойған болу керек бұған.
Учаскелік полицей. Сөзді бөлмеңіз дедім ғой мен сізге. Және онымен қоймай Ниетәлі Сыздықовқа тағы да мемлекеттік кеңселерде айтуға тыйым салынған боғауыз сөздермен орысшалап тіл тигізіп отырсыз. Оны да қазір айыптау протоколына түсіреміз, Жаңбырбаев Сыздықовты әрі қазақша, әрі орысша боқтады деп.
Көмекбай. Жаз-жаз!.. Мен енді бәрін түсіндім. Сен де Ниетәлімен ауыз жаласып алған болып шықтың. Қап, баяғыда сен туғанда Ақбұлақтан шелекпен бекер-ақ су тасығам екен. Байғұс басым ол кезде сенің мені кейін осылайша Ниетәліге жығып беретініңді қайдан білейін.
Учаскелік полицей. Өйтіп, өтірік айтпаңыз. Мен туғанда сіз шелекпен су тасыды дегенді ешқашан естіген емеспін.
Көмекбай. Естімесең, қазір үйіңе барған соң, ана әкең мен шешеңнен сұра. Көздері тірі ғой, олардың қай-қайсысы да бұнымды өтірік деп айта алмайды. Ана сенің қитар әкең Еркебай мына менің жездем болып келетінінен хабардар шығарсың. Ол менің нағашы апам Гүлсімді, яғни сенің шешеңді алып қашқан баяғыда. Егер соттау керек болса, Ниетәліге ашумен бір ауыз сөз айтқан мені емес, сенің әкеңді сотау керек алдымен заңсыз қыз алып қашқан.