Зибаштың елесі. Олай деп өтірік айтпа! Мен ше?! Әлде сен мені әйел деп, төмен етекті деп, көзіңе ілмей тұрмысың? Мен тірі тұрғанда сен бұ дүниеде де, о дүниеде де жалғыз қалмайсың. Кәне, салбыратпай, ана алтын басыңды көтер жоғары! Сенің әлсіз болуға хақың жоқ, өйткені сен еркексің, менің арқа сүйер асқар тауымсың.
Көмекбай. Қорықпа, біздің бақытымыз үшін мен қайтадан аяғыма тік тұрамын. Тек кеше әлгі Ниетәлімен ерегісем деп, біраз сілтеңкіреп жіберіппін. Қазір қатты шөлдеп, басым ауырыңқырап жатыр.
Зибаштың елесі. Ештеңе етпейді, қазір ұйқыңнан тұрған соң, біздің үйге кел, өзім қаймақ қатқан үндінің ыстық-ыстық шайын құйып беріп, басыңды жазып алам. Айтпақшы, алтыным, жаңа мені «бірдеңем-бірдеңем» деп еркелетіп жатырсың ғой, сол жеріңді түсініңкіремей қалдым.
Көмекбай. «Бозқарағаным менің!..» дедім.
Зибаштың елесі. Бозқараған?! Ол немене?
Көмекбай. (Күліп). Өй, сен білмейді екенсің ғой, ол «сирень» деген сөздің қазақша атауы емес пе?
Зибаштың елесі. Сирень?! Бозқараған?! Мына теңеуің, шынында да, тамаша екен. Жалпы, сенің «вкусың» күшті-ай осы! Осындай әдемі сөздерді қайдан тауып аласың? Шіркін, сиреннің, бозқарағанның исі қандай тамаша көктемде!..
Көмекбай. Сенің де иісің сол бозқарағанның иісі секілді керемет, иіскей бергің келеді.
Зибаштың елесі. Қойш, шын ба?
Көмекбай. Мен сені қашан өтірік алдап едім?
Зибаштың елесі. Оның рас, сен мен білетін кісілердің ішіндегі ең шыншыл, ең әділетті адамсың, біреуге көлгірсуді, жампарысуды мүлде білмейсің. Сонымен қатар сенің жаның ақындыққа толы. Мысалы, мен ешбір кітаптан, не кинодан өзінің жақсы көретін әйелін «Бозқарағаным!..» деп еркелеткен еркекті кездестірмеппін осы күнге дейін. Анандай… былай енді… «раушаным», «қызғалдағым», «хризантемам менің» деген секілді теңеулерді білеміз ғой, ал «бозқарағаным менің» дегенді бірінші естуім. Рас, сен нағыз ақынсың. Мұндай кереметтер тек сенің аузыңа ғана түседі. Айтақшы, өткендегі маған арнап шығарған өлеңіңді компьютерге басып, өзімнің альбомымның арасына салып қойдым.
Көмекбай. Рас, мен сені шын көңілден жақсы көрем. Бұған дейін мен ешбір әйел баласын дәл сендей сүйіп көрмеппін.
Зибаштың елесі. Рахмет, жаным, Ер Тарғыным, Элвис Преслиім менің!.. Ал енді ояна ғой, беті-қолыңды жуып, тістеріңді тазала. Күн әлдеқашан шықты, езіліп ұйықтай берсең, басың одан сайын ауырады. Және оның үстіне, өзіңнің сөзіңмен айтқанда, үйіңдегі анау аюдай ақырып отырған қатының Рысты: «Түнімен қайда жоғалып кеттің?!» деп, мазаңды май ішкендей қылып жүрер. Тұр!..
Дәл осы кезде КПЗ-ының ауыр темір есігі сарт-сұрт ашылып, камераға учаскелік полицей мен Рысты кіріп келеді. Көмекбай оқыс шыққан дыбыстардан шошып оянып, орнынан атып тұрады да, есік алдында состиып қалған екеуге ештеңеге түсінбеген кісінің пішінімен бажырая қарайды.
Рысты. Әй, тұр, қарағым!.. Күн сәске түс болды. Мына жерде ұйқыңды әбден қандырған шығарсың.
Қолдары кісендеулі Көмекбай орнынан ирелеңдей әзер тұрып, керуетке отырады. Учаскелік полицей келіп, оның қолындағы кісенін алады. Кісенді шешіп жатқан кезде Көмекбай мен полицей бір бірлеріне үн-түнсіз, ерекше бір мағыналы көздермен жақтырмай қарап өтеді
Рысты. (Көмекбайға). Жүр енді, үйге қайтамыз. (Сұқ саусағымен полицейді нұсқап). Мына ұлға рахметіңді айт. Екеуміз таң атпай үйіне барып, Ниетәліні арызын қайтып алуға әзер көндірдік әйтеуір. Әйтпегенде сотталып кететін едің, байғұс. Енді жайыңа қарап, тыныш жүр, білдің бе?! Егер осындайыңды тағы қайталайтын болсаң бар ғой, мен тағы екінші рет осылай жүгірет деп ойлама. Жүр!..
Кешегі асаулықтан бойында түк қалмаған Көмекбай үнсіз. Алдын ала оқшаулау камерасының оған кәдімгідей-ақ әсер еткені байқалады. Еңсесі түсіп, иығы салбыраңқырап кеткен ол мектептегі ұстазының барша нұсқауларын қалтқысыз орындауға тырысатын бастауыш сыныптың тәртіпті оқушысы секілді Рыстының бар айтқанын қалт еткізбей, оның соңынан ереді.
Көмекбай. (Сыртқа шыққан соң). Сағат неше болды?
Рысты. Оны не қыласың? Кеңседегі қызметіңнен қалып бара жатсың ба?
Көмекбай. Білейік те енді…
Рысты. Сегіз, не сегіз жарымның шамасы шығар.
Көмекбай. Рысты, кешір, енді қайталанбайды.
Рысты. Кешірмегенде не істеймін? Тек сенің осындай «кәнсерттеріңнен» кейін екі-үш аптаға дейін жұрттың бетіне тура қарай алмаймын ғой мен бейшара жаңа түскен келіншектей бетмоншағым үзіліп.
Көмекбай. (Даусы дірілдеп) Кешір, осы жолы шын айтам.
Рысты. Ниетәліні де көрерміз, дүние-кезек, оның да осылай асығы үнемі алшысынан түсіп тұра бермес. Бір заманда мүмкін біздің де қолымызға қарға саңғырар. Айтпақшы, ертең «мәтимәтик» мұғалім бала біздің Назымбекжанды да оқушылардың аудандық олимпиадасына апарғалы жатыр. Ауданның есепке жүйрік ең үздік балалары жарысатын көрінеді. Соған біздің ауылдан мектебінен комиссия екі-ақ баланы іріктеп алыпты, біреуі – cенің жаңағы жаман ұлың, екіншісі – Жарықбас қайнағаның сүткенжесі – Жарас.
Көмекбай. Қойш?!
Рысты. Рас. Әйтеуір кеше кешкілік сынып жиналысында Назымбекжанды әлгі «мәтемәтик» мұғалім жігіт жатып кеп мақтады. «Көрерсіздер, түбінде Көмекбаевтан үлкен оқымысты шығады» деп.
Көмекбай. Алтыным, сол жаман негізі өзіме тартқан. Ана қалқиған құлағы мен жарқыраған маңдайына шейін.
Рысты. (Жұлқынып) Қойш әрі осы, кісінің жынын келтірмей! Саған тартса, жетісер!.. «Арғы бабамыз Қойгелді қара қылды қақ жарған би болған, болыс болған» деп отырушы едің ғой, қарағым түнімен полицейлердің кеңсесін күзетіп шығатын саған тартқанша, сол кісіге тартсыншы. Саған ешқайсысы ұқсамай-ақ қойсын құлындарымның.
Екеуі осы пәтуаға тоқтасқандай, үнсіз қалады. Сәлден соң ерлі-зайыптылар тізілісіп, өз үйлерінің ауласына барып енеді. Ауыл тегіс оянып, құдіретті Жаратқанның тағы бір жарық күні басталған. Соны дүйім жұртқа жариялауға асыққандай әлдеқайдан ата қораздың бар даусымен шабыттана шақырғаны, өріске бет алған сауын сиырлардың қорада қалып бара жатқан бұзауларын қия алмай мейірлене мөңірегендері, малсақ төбеттердің әлденеге мазасызданып, маңқ-маңқ үргендері естіледі.
СОҢЫ