Қалаубай /шыдамсызданып/ Роза, бол, оқышы енді. Ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Тезірек райбольницаға жетуіміз керек.
Роза /дауыстап оқи бастайды, кекесінді үнмен/ Мадрид!.. Ағай, Сіз менің өстіп атыңызбен атағаныма ашуланбаңыз. Рас, сіз мұғалімсіз, бізге білім бересіз. Үлгілі адамсыз. Бірақ мен сізді сүйемін, сондықтан да атыңызбен атап отырмын. Сүйген адамыңды ең болмаса бір рет хат жүзінде болса да атымен атағанның айыбы жоқ шығар. /Ернін шүйіріп, жақтырмай басын шайқайды./
Ағай, мүмкін сіз мені ұятсыз деп ішіңізден сөгерсіз, жалынам – өйтпеңізші. Ойланыңызшы, сіз бізге мұғалім болғаныңыз болмаса, менен төрт-бес-ақ жас үлкенсіз. Мен қайтем енді? Әуелі әрі-бері «айтпай-ақ қояйын, сіз білмей-ақ қойсын, ұят қой менің мұным, ұят…» деп өзімді талай тежедім. Бірақ төзімнің де шегі бар емес пе? Әнеугүні репетицияға кешігіп келгенім үшін балалардың көзінше қатты кейідіңіз. Неге сонша қатты кейідіңіз маған? Мен сізді жақсы көрем ғой, Сіз неге соны түсінбейсіз! Тым болмаса маған бір сәт көз тоқтатып қарамайтыныңыз не?! Білем, сіз өзіңіздің ұстаздық беделіңізді түсіргіңіз келмейді, бірақ мен сіздің беделіңізді түсіруге ешқашан тырысқан жоқпын. Қанша кейісеңіз де үнсіз шыдап, тыңдап тұра бердім. Өзіңізді жақсы көретін адамға осынша ұрысуға бола ма? Әлде сіз ештеңені сезбейсіз бе?.. Ағай, өткенде қыздар сізді кітапханашы апаймен жүреді деп әңгіме қылды. Рас па сол? Олай болса, менің хатымды быт-шыт қылып жыртып тастаңыз, ал егер олай болмаса, хатыма жауап беруіңізді өтінемін. Енді екі-үш айдан соң мен де мектеп бітіремін ғой…
Ағай, «қыз басымен мұнысы несі» деп мені кінәлай көрмеңіз. Ойлаңызшы, Жәмила да Даниярды сүйді ғой, ол да қыз басымен сүйетінін бірінші болып білдірді. Қазір баяғы заман емес, хат жазып, жауап күтуші – Рәбиға.
Ал, осы ма білгілерің келгені? /Езуіне мысқыл жүгіріп, бөлмедегілерді шеттерінен бір-бір шолып шығады. Мұғалімдердің бәрі аң-таң, жалтақтап бір – біріне қарайды./ Хатты маған Мадрид әкеп берді. «Мектептегі қыздар советінің председателісіз, Жанұзақовамен сөйлесіңіз, тәртіпке шақырыңыз» деді. Сонан соң сөйлестім. Енді не қылам? Өздерің ойлаңдаршы: мұғаліміне сүйдім-күйдім деп қалай аузы барады? Түсінбеймін. /Қамқаға бұрылып/ Ал сіз әңгіменің байыбына бармай жатып, дікің-дікің етесіз. Мүмкін жаңағы Құдайбергенова болған жайды басқаша түсіндіріп кеткен шығар. Бүгінгінің адамынан бәрін күтуге болады. Қарғадайына дейін іштерінен бәле-жаланы оқып туған.
Қамқа. Е-е, ішіміздегі ең тәуір өзің екенсің ғой, жарайд, тоқтат. Ақылшымыз, биіміз сен болсаң, бәріміз де жетіскен екенбіз… /Шарасыз қалыппен қолын сілтейді./ Сенің о баламен қалай сөйлескеніңді әлі ешкім білмейді. Күні бұрын сүттен ақ, судан тазасынып, басыңды алып қашпай-ақ қой.
Роза /сұрланыа Қамқаның жанына ентелеп жетіп барады/. Ал тоқтатпаймын, не қыласың? Сотқа бересің бе? Берсең бер, мені өйтіп қорқыта алмайсың.
Қамқа /қолын сілтеп/ Өй, әрмен, жарқыным!.. Мынау қайтет, кісіні таптай ма?!
1-мұғалима. /Розаның білегінен ұстап/ Роза, қойсаңшы енді. Тәтейдің жүрегі ауырып отыр. Ашу – дұшпан, ақыл – дос; сабырға келші!
Роза / 1-мұғалиманың қолын қағып жібереді/. Керегі жоқ дедім ғой мен сендердің сөздеріңнің. Мәмлелерің өздеріңе!.. /Иегі кемсеңдеп, жылайды./ Білем мен бәріңнің де ойларыңды, күндіз-түні ойлайтындарың есебін тауып, мені қаралау. Енді соған сылтау табыдғанына қыптарың қанып, өліп бара жатырсыңдар ғой…
Қалаубай. Оу, шырақтарым, тоқтатасыңдар ма, жоқ па? Ана жақта біреу жан алып, жан беріп өлім аузында жатыр, соған баруымыз керек деп тұрмын ғой. Мына мен ,жалғыз өзім қайда жетем? Директорларың болса анау, қысы-жазы ауру, курорт пен больницадан шықпайды. Бәріне өзіңнің жауап беруің керек – бүйте берсе, бір күні сотталып тынатын шығармыз. Сотталмаған не қалды. /Ұлықпанға бұрылып./ Айналайын, жаңағы Мадрид қайда?
Ұлықпан. Барып қайттым, үйінде жоқ.
Қалаубай. Әне,былықтыруын біреу былықтырады, жүгіретін, жауап беретін – баяғы жазған Қалаубай. Ұлықпан, сен онда жүгір, тездетіп машина тап. Ана совхоздың әкімдерінің біреуін әкелесең де, көкелесең де көндір. Біздікі, мұғалімдердікі, сол жалынумен өткен өмір емес пе?..
Ұлықпан кетеді.
Екінші сурет
Аудандық аурухананың ауласы. Ұлықпан мен Роза әрқайсысы іштей өз ойымен өзі әуреге түсіп, олай-бұлай жүреді. Осы кезде сыртқа Қалаубай шығады. Екеуі де солай қарай ұмтылады.
Роза. Не болды?! Әлгі қыз тірі ме әйтеуір?
Қалаубай үн-түнсіз тұнжыраған қалпы бұларға жақындай береді.
Роза. Апыр-ау, бірдеңе десеңші!… Неменеге соншама тұнжырап кеткенсің?!
Қалаубай. /Күрсініп./ Жаңа ғана үзіліпті. Денесін моргке алып кетті.
Ұлықпан. /Түрі бұзылып./ Қойыңызшы?!
Роза. О, Жасаған!.. Моргке деймісің?! /Өз-өзінен шошынып, кейін шегіне беріп/ Жо-жоқ!.. Мүмкін емес! Мүмкін емес олай болуы!..
Қалаубай. Рас…
Ұлықпан. Бәлкім, біреулермен шатастырып алған шығар.
Қалаубай. Жоқ. Дәрігердің өз аузынан естідім.
Роза. /Көздері алақтап./ Құдай-ау, мына дүние не боп барады өзі?! Жоқ, сен шатастырып тұрсың!.. Мүмкін емес олай болуы!.. /Еңіреп жылап жібереді./ Онда маған құрыдың десеңдерші!.. /Екі қолымен бетін басып, жүрелеп отыра кетеді./ О, Жасаған, соншалықты не жазығым бар еді?! Енді құрымаған нем қалды? Құрыдым ғой, құрыдым!..
Пауза.
Кенет Роза орнынан ұшып тұрып, басы ауған жаққа жүгіре жөнеледі.
Роза. Мен де өлем сол қыздың артынан!.. Түрмеге түскенше, машинаның астына түсіп өлгенім жақсы. Мен де құримын енді!..
Қалаубай мен Ұлықпан Розаны жарты жолдан қуып жетіп, екеуі оның екі қолтығынан ұстай алады.
Қалаубай. Қой деймін, жарқыным!.. Немене, бала боп кеткенбісіңдер барлығың? Қой енді тағы да жаман ырым бастамай!
Ұлықпан. Роза, сабыр етші, қане! Жұрттан ұят-ты.
Роза. /Сол еңіз-теңіз болып жылаған күйі./ Жұрттың керегі не маған? Керегі жоқ маған енді ешкімнің! Өлем деген соң – өлем!..
Қалаубай. /Дауысын қатайтып./ Жетті енді! Күні бұрын байбалам салғаннан ештеңе өнбейді. Заң орындары бар – тексерер, кезінде бәрінің ақ-қарасын ажыратып берер.
Роза. /Жұлқынып, еркектердің қолынан босанып шығады да, көздері шатынап Қалаубайға қарай қадалады да қалады./ Сот деймісің?!..
Қалаубай. / Қорқып кетіп, кейін шегіншектей береді./ Иә-иә… енді сірәдағысын айтқаным ғой. Әйтеуір бір тексеретін шығар.
Роза. / Қалаубайдың ізінен қалмай, жүзіне ащы мысқыл үйіріліп./ Кімді тексертпексің сонда сол сотыңа? Мені ме? /Ұлықпанға бұрылып./ Әлде мына Ұлықпанды ма? Айтсаңшы енді!…
Қалаубай. /Сасқалақтап./ Енді кінәлілерді тексереді де. Мен оны қайдан білейін.
Роза. Жо-жоқ! Сен білесің!.. Сендер бәрін білесіңдер! Аяқ астынан түк білмейтіндей меңіреу бола қалуларын. Мен ғой сонда бәріңнің ұстап бермекшілерің!.. Бәрің жабылып, орталарыңдағы бір жесір қатынды құрмалдыққа шала салмақшысыңдар ғой!..
Ұлықпан. Роза, қойшы, жарқыным! Сені құрмалыққа шалғалы жатқан кім бар? Одан да ана бейшара болған баланың жайын ойлайық та. Кісі өлімі болып жатқанда айқай-ұйқайымызға жол болсын. Бәріміз де адамбыз ғой, не де болса адамшылығымызды сақтап қалайық ақырына дейін.
Қалаубай. Иә, сөйтіп бір жөн сөзге көшелікші. Тіпті олай-бұлай өтіп жатқан жұрттан ұят болды ғой бір-біріміздің жағамызға жармасып.
Роза. /Мысқылды үнмен./ Аяқ астынан адам бола қалуларын! Еркек бастарыңмен көрер көзге көлгірсуге өздерің ұялсаңдаршы әуелі!Іштеріңнен ит өліп жатыр ғой, ит өліп! Жоқ, Розадан ештеңе жасыра алмайсыңдар. Тап осыдан түрмеге отыра қалсам, бар ғой, Қалаубай, алдымен бар ма – алдымен өзіммен бірге тап сені ала кетем! Айтпады деме!..
Осы кезде бұлардың жанына үстіне ақ халат киген медбике қыз жүгіріп келеді.
Медбике. Сәлеметсіздер ме!.. /Ентігін басып./ – Жанұзақова Рәбиғаның мұғалімдері сіздер ме?
Ұлықпан. /Аң-таң қалып./ Иә, біз.
Медбике халатының қалтасынан бір жапырақ ақ қағаз алып , Ұлықпанға ұсынады.
Медбике. Онда мынау Жанұзақованың қайтыс болар алдында жазып қалдырған запискасы. Дәрігер ағай жаңа сіздерге беруге ұмытып кетіпті, маған апарып бер деп еді.
Ұлықпан. Рахмет, айналайын.
Медбике. Ал жақсы, онда сау болыңыздар. /Кетеді./
Қалаубай. /Шыдамсызданып./ Ал, қане, оқышы енді. Не деп жазыпты?
Ұлықпан. /Записканы дауыстап оқи бастайды./ Егер мен осыдан өле кетсем, оған ешкім де кінәлі емес. Уәтай, сен мені кешір. Рәбиға.
Роза. / Ентігіп./ Қайта, қайта бір оқышы!..
Ұлықпан. Не қайта оқитыны бар. Егер мен осыдан өле кетсем, оған ешкім де кінәлі емес депті.
Роза. Ешкім де кінәлі емес депті деймісің?!
Ұлықпан. /Тыжырынып./ Иә-иә!
Роза жалма-жан Ұлықпанның қолындағы записканы жұлып алып, сол бір жапырақ қағазды содан біреу тартып алғалы тұрғандай көкірегіне баса қояды да кейін қарай шегіне береді.
Роза. /Көздері алақтап./ Енді бұл записка менде болады! Білдіңдер ме – менде!..
Қалаубай. Мақұл-мақұл. Тек аптығыңды басшы, жарқыным.
Роза. Енді мені ешкім де соттай алмайды, түсіндіңдер ме?! Ешкім де!.. Бәрің шибөрідей жабылып едіңдер! Көрдіңдер ме , жыртық үйдің де Құдайы бар! Енді Роза – ақ! Жалақорлардың аузына құм құюға осы заипска да жетеді. Енді бұл записка менде болады! Білдіңдер ме , менде!..
Ұлықпан. /Тыжырынып./ Иә-иә, сенде болады!..
Қалаубай. /Басын шайқап./ Не боп барамыз өзі?..
Дәл осы кезде сахнаға Уәтай шыға келеді. Көйлегінің омырау түймелері ағытылып кеткен. Түрі өрт сөндіріп шыққандай. Қалаубайларды көріп, қалт тұра қалады.
Уәтай. /Ащы кекесінмен./ А-а, жеткен екенсіздер ғой!.. Ақыры өлтіріп тындыңдар ма?
Уәтай әрқайсысының жанына келіп, бір тесіліп өтеді. Роза дереу жуаси қалып, Ұлықпанның артына қарай ығысып тұрады. Пауза. Бәрі бір сәтке құлақ пен тілден айырылғандай үнсіз.
Уәтай. / Кенет, жұлып алғандай./ Мадрид қайда? Құдай үшін айтыңдаршы, тап қазір ол маған ауадай қажет болып тұр.